Іздеу

Тұран жолбарыстарын қалпына келтірудің 15 жылдық бағдарламасы жасалды

 

ҚР Парламентінің Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аталған мәселе бойынша Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қанат Мусиннің айтынша, заң жобасы жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында Парламент депутаттарының бастама жасауымен әзірленген. «Заң жобасы жүргізушінің жүргізуші куәлігі мен Қазақстан Республикасында берілген көлік құралы тіркеу куәлігін өзімен бірге алып жүруді міндеттейтін норманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастауды, сондай-ақ көлік құралдарының кейбір түрлерін пайдалану тәртібін реттеуге бағытталған. Комитет аталған заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша 2021 жылғы 26 қарашаға дейін қорытынды әзірлеуге дайын», – деді Мәжіліс депутаты.

***

Экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі Балқаш маңындағы Тұран жолбарыстарын қалпына келтірудің 15 жылға арналған бағдарламасын жасады. Ол аңның мекен ету ортасын дайындау, жолбарысты табиғатқа жіберу және бағдарламаның жүзеге асуын бақылау шараларын қамтиды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі. 2018 жылы «Іле-Балқаш» резерваты құрылды. Аумақты браконьерлерден қорғау, заңсыз табиғат пайдалану жұмыстарына жол бермеу шаралары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге биотехеникалық шаралар арқылы қабандарды көбейту, бұқар бұғыларының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы аталғандардан кейін экожүйе жолбарыс популяциясын ұстап тұруға қабілетті болады. Реинтродукция үшін амур жолбарыстары әкелінеді. Жалпы, Іле өзенінің дельта ауданындағы Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы және осыдан шығысқа қарайғы жер Тұран жолбарысы жерсінетін аумақ ретінде таңдалып отыр. Бұл маңда жолбарыс мекен етуге жарайтын 1 млн гектар жер бар. Болжам бойынша, аумақта Каспий жолбарысының санын 100-ден 200-ге дейін жеткізуге болады. Тұран жолбарыстары Таяу Шығыстың 13 елінде, Кавказда, Орталық Азияда Түркиядан Қытайдың солтүстік-батысына дейінгі жерде мекендеген.

***

Измирдегі зілзала құрбандарының саны 114 адамға жетті. Бұл туралы Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасы (AFAD) мәлімдеді. Басқарманың мәліметінше, 30 қазандағы жер сілкінісінен кейін жалпы саны 1 713 афтершок тіркелген. Зілзала салдарынан 114 адам қаза болып, 1 035 адам жарақат алған. Оның 898-і медициналық көмек көрсетілген соң үйіне жіберілген, 137-сі емделіп жатыр. Измирдегі 17 ғимараттың 15-інде іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды. Құтқарушылар қалған 2 ғимаратта жүмысын жалғастыруда. Еске сала кетейік, 29 қазанда Измир провинциясы Эгей теңізінің жағалауында магнитудасы 6,6 балдық жер сілкінісі болған еді.

***

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик ол үшін 2020 маусымы аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz. «COVID-19 маусымы аяқталды», – деп жазды теннисші өзінің Instagram парағында. 2020 жылғы маусымда Александр Бублик 29 кездесу өткізіп, оның 14-інде жеңіске жетіп, 15-інде жеңіліске ұшырады. Биыл ақпан айында Бублик ATP рейтингіндегі мансабындағы ең жоғары деңгейге жетіп, 47-орынға көтерілді. 23 жастағы теннисші маусымды әлемдік рейтинг кестесінде 49-орында аяқтады. Александр Бублик өзінің ең үлкен жетістігіне 2020 жылғы маусымда жартылай финалға шыққан Марсельдегі турнирде қол жеткізді. Сондай-ақ Гамбург турнирінің ширек финалына дейін жетті.

***

Алдағы үш тәулікте Қазақстанның басым бөлігінде күн жылынады. Тек еліміздің батыс, солтүстік-батыс өңірлерінде жаңбыр жауады, сондай-ақ ауа температурасы біртіндеп төмендейді. Ал республиканың қалған аумағында ауа температурасы біртіндеп көтеріліп, жаңбыр жаумайды, күн ашық болады. Республика бойынша кей жерлерде тұман түсіп, жел күшейеді.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 70