Іздеу

Су тасқыны қаупін төмендету жөніндегі жол картасы әзірленеді

 

2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупін төмендету жөніндегі жаңа жол картасын әзірлеу қажет. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты. Оның сөзінше, соңғы 3 жылда бағдарламалық құжаттар аясында 515 шақырым қорғаныс бөгеті салынып, 500 шақырымнан астам қорғаныс құрылғылары жөнделген. Су тасу қаупі бар өзендердің 530 шақырымнан астам арнасында түбін тереңдету, жағалауларын нығайту жұмыстары жүргізілген. Юрий Ильиннің атап өтуінше, бұл шаралар 458 елді мекенді су басу қаупін жойып, 284 елді мекенге төнетін қатерді төмендеткен. Дегенмен, ауа райына байланысты су басу қаупі өте жоғары әлі де 309 елді мекен қалып отыр. «Маусымдық су тасқынымен күресу үшін республикалық, сонымен қатар жергілікті деңгейдегі азаматтық қорғанысты басқару органдары төтенше жағдайларға арналған жедел басқару және әрекет ету жүйесін әзірлеп, елді мекенді, нысандар мен аумақтарды инженерлік қорғауды қамтамасыз етуі тиіс», – деді министр.

***

Алматы облысында COVID-19 вирусының ықтимал екінші толқынына дайындық күшейтілген. Бұл туралы «JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңында облыстың бас дәрігері Өмірзақ Ниязбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда стационарлық емдеуде барлығы 149 адам бар. Оның ішінде 33 адам инфекциялық стационардың 1 деңгейінде, 109 адам инфекциялық стационардың 2 деңгейінде ем қабылдап жатыр. «Облыс бойынша коронавирустың өсу қарқыны тәулігіне де, соңғы аптада да 0,2% құрады. Жалпы COVID-19 вирусын жұқтырған 5 204 науқас тіркелді, оның 4 872 – і сауығып шықты, 81 -і емделуде», – деді ол. Пандемияның ықтимал екінші толқынына 5280 төсек-орын дайындалды. Індетке қарсы тұру мақсатында облыс орталығында 200 төсек орындық модульдік инфекциялық аурухана пайдалануға берілген. Одан бөлек Талдықорған және Алматы қалаларындағы көпсалалы ауруханалардың базасында ауыр науқастарға шұғыл көмек көрсету үшін заманауи жабдықтармен жабдықталған орталықтар құрылған. Сондай–ақ, балалар жұқпалы аурулар ауруханаларының базасында балаларға арналған екі COVID-орталығы қосымша жарақтандырылуда. Облыстың 13 ауруханасы оттегі стансасымен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 12 оттегі стансасы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Сарқан аудандық ауруханасы станцияға қосылады. Бұдан басқа, 1070 оттегі концентраторы сатып алынған, дайындалған 5 280 төсектің 40% оттегімен қамтамасыз етілетін болады.

***

Бұдан былай телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтарға жеке куәліктің, паспорттың және жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталғаны туралы SMS хабарлама келеді. Қажетті қызметке сілтемесі бар хабарлама куәлік мерзімнің аяқталуына бір ай қалғанда жіберіледі. SMS хабарлама алған азаматтар Gov.kz порталында өз құжаттарын ұзарта алады. Жеке куәлік пен паспортты «Паспорт, жеке куәлік алу» қызметін пайдалану арқылы ұзартуға болады. Алайда қолданылу мерзімі өткен жеке басты куәландыратын құжатты тек ХҚКО-да ауыстыру керек. Жүргізуші куәлігін құжаттың қолданылу мерзімі өткен, тегі, аты және әкесінің аты өзгерген, жоғалған немесе ұрланған жағдайда eGov.kz порталында онлайн өтінім беру арқылы қайта шығаруға болады. Ол үшін порталда «Жүргізуші куәліктерін беру» қызметін таңдау қажет. Сондай-ақ, мобильді азаматтар базасында тіркелген азаматтарға туған күніне орай 1414-тен құттықтауы бар хабарлама жолданады.

***

Елордада жексенбі күні, 8 қарашада дезинфекциялық жұмыстардың жүргізілуіне байланысты қоғамдық көліктердің жұмысы бір күнге тоқтатылады. Дүйсенбі күні, 9 қарашада, автобустар қайтадан жолға шығады. «Қала тұрғындарын санитарлық нормаларды сақтауға шақырамыз. Автобустарға бетпердесіз кіруге тыйым салынады. Жол ақысы тек қолма-қол ақшасыз төленеді», – деп түсіндірді City Transportation Systems компаниясы.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 78