Іздеу

Шымкентте ИВЛ аппараттары шығарылуда

 

Шымкентте ИВЛ аппараттары шығарыла бастады. Қала әкімі Мұрат Әйтенов ИВЛ аппараттарын шығарып жатқан «Kazmedpribor» ЖШС-да болды. Кәсіпорын тәулігіне 20-25 құрылғы шығара алады. Аптаның соңына дейін алғашқы 88 ИВЛ аппараты жергілікті ауруханаларға жеткізіледі. Жақын арада ауруханалар мен емханалар Шымкентте шығарылған жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

***

Қазақстанның коммунистік халық партиясының мүшелері күнкөріс деңгейінің мөлшерін екі есе арттыруды ұсынды. Елімізде қазір ең төменгі күнкөріс межесі 32 мың 668 теңге шамасында. Бұл қаражат қажетті азық-түлік, коммуналдық төлем, рухани және әлеуметтік қажеттіліктерді өтеуге есептелген. «Алайда ол азық-түлікке ғана жетеді» дейді коммунистік партия өкілдері. Президент Жолдауында айтылғандай, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін 20 процентке қысқарту қажет. Партиялықтардың айтуынша, үнемделген қаржы қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін көтеруге жұмсалуы тиіс.

***

Батыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қайыпов екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық прокуратураның мәліметінше, денсаулық сақтау басқармасы басшысы мен оның сыбайласына қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Еске сала кетейік, бұдан бұрын аталған басқарманың басшысы пара алу күдігімен ұсталған. Оған сыбайласымен бірге 7 млн. 800 мың теңге көлемінде пара алды деген айып тағылып отыр.

***

Елордада ботаникалық саябақ аумағында спорт орталығы салынады. Әкімдік саябақтың жасыл желегі жоқ бөлігіне жеке инвестициялар есебінен спорт кешені салынып жатыр. Бұл жоба 2018 жылы қала құрылысы кеңесінде қолдау тапқан. Спорт орталығы тұрғындарға қолжетімді болады. Қазіргі уақытта инвестормен субсидия есебінен халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататындарға спорт орталығына бару мүмкіндігі талқылануда.

***

Бірнеше адамның атынан онлайн-несие алған қостанайлық ұсталды. Қостанай облысының полиция қызметкерлері «Hi-tech» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде 13 интернет-алаяқты анықтаған. Солардың бірі бес факті бойынша интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен қсталған 26 жастағы жергілікті тұрғын. «Қаскүнем облыс орталығының тұрғындарына шағын несие ұйымдарының бірінен онлайн несие рәсімдеген. Өтініш берушілерге келтірілген жалпы шығын миллион теңгеден асты.

***

Кабул университетіне экстремистер шабуыл жасап, 20 адам мерт болды. Тағы 15 азамат жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Al Jazeera телеарнасына сілтеме жасап. Зардап шеккен және жараланған азаматтардың бәрі – университет студенттері. Мұның алдында Кабулдағы университет маңында жарылыс болған, кейін қарулы топ оқу орнының заң факультеті жанында атыс бастады. Сол уақытта ол маңда кітап көрмесінің ашылу салтанаты болып, оған Иран өкілдері қатысып жатқан болатын. Мәлімет бойынша, университетке ауған арнайы жасағы жіберілген. Үш экстремистің бірінің көзі жойылды.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 65