Іздеу

Шымкент әуежайы сатылады

Мониторингтік топтар Алматыдағы 59 нысанды тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның ішінде 11 нысанда карантин талаптарын бұзу анықталды. Аталған нысанның иелеріне 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Осындай жағдайлар қайталанатын болса, олардың қызметін сот тәртібімен тоқтата тұру туралы мәселе қойылады. Бұған дейін Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырып, аурудың өсуінің негізгі себептерінің бірі ретінде тойларды атаған еді.

***

Украинаның іздеушілер тобы Житомир қаласының аумағында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан Кеңес жауынгерлерінің сүйегін тапты. Олардың ішінде Маңғыстау облысының тумасы Сейіт Тойнашев бар. Жауынгердің мүрдесі туған жеріне жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жауынгерді туған-туыстары «Ақтау- Ералы» тасжолының 20-шақырымында орналасқан «Қожа – Ата» зиратында арулап жерледі. Айта кетейік, қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде 7 ардагер бар.

***

Электрондық саудада Шымкент әуежайы 5,2 млрд теңгеден астам сомаға аукционға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Белгілі болғандай, аукционға қатысу үшін кепілдік жарна – 785 млн 100 мың теңге төлеу керек. Сауда-саттық 3 қарашада өтеді. Нысан сенімгерлік басқаруға беріледі. Тендерлік шарттарға тоқталсақ, сенімгерлік басқаруға берілетін мерзім ішінде нысанның қызмет бейінін сақтау қажет. Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов Шымкенттегі әуежайдың тендерге түсу заңдылығын тексеруді талап етті. Осыған дейін аталған сауда 8 қазанда басталуы керек еді.

***

Ақмола облысында қарақшы парфюмерия сататын компанияның күзетшісін байлап, сейфтен 23 миллион теңге алып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық Полиция департаментінен мәлім еткендей, қылмыс қазанның 23-де түнгі сағат 03:50 Көкшетау қаласында жасалған. «Жедел-іздестіру шарасы барысында қазанның 24-де елорда маңында Зеренді ауданының 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Одан 22 миллион теңгеден астам ақша тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

***

Түркияда коронавирустың тез таралуына байланысты жерлеу және жаназа шығару рәсімдеріне өзгеріс енгізілді. Енді бірқатар провинцияда көз жұмған кісінің аты-жөні ғана жарияланады. Ал жаназа шығару орны мен уақытын айтуға тыйым салынды. Сондай-ақ мұндай жиындарға тек ет жақындары ғана қатыса алады. Эпидемологиялық жағдай ушыққан соң, билік осындай қадамға баруға мәжбүр. Түркияда коронавирус қайта өрши түсті. Елдің ішкі аймақтарында қауіпті індетке шалдыққандар көбейіп, бірқатар провинцияда ауру жұқтырғандар саны 50 процентке артты. Елдің бас дәрігерінің айтуынша, коменданттық сағат енгізілмейді. Дегенмен қоғамдық жерлерде сақтық шаралары күшейеді.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 42