Іздеу

Қызылордада күріш алқабын қысқартады

Қызылорда облысында су тапшылығын болдырмау үшін күріш алқабын қысқарту керек. Күрішке 80-85 мың гектар жерді алып қалып, қалғанын басқа дақылдар үшін пайдалану қажет деген пікірді Гүлшара Әбдіқалықова айтты. күріштің 1 гектарына 33 мың текше метр су қажет, тура осындай көлемдегі суды 10 мың гектарға егілген қызанаққа жұмсауға болады. Күріштің 1 гектарынан 650 мың теңге кіріс болса, қызанақтың 1 гектарынан 25 миллион теңгеге дейін табыс түседі. Бұл көрсеткішті жоңышқамен де, басқа да дақылдармен салыстыруға болады. Ал өңірдегі су тапшылығы елімізді көрші Қырғызстан мен Өзбекстаннан қайта-қайта су сұрауға мәжбүр етеді. Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, биыл 551 мың тонна күріш жиналды.

***

Елдегі ең тапшы мамандар – жол жұмысшысы, күзетші, даяшы, дәнекерлеуші, автокөлік жүргізушісі. Ал заңгерлер мен экономистерге сұраныс өте аз, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еnergyprom.kz-ке сілтеме жасап. Биылғы жылдың үшінші тоқсанында электронды еңбек биржасында білікті жұмыскерлерге арналған 176 мың бос жұмыс орны бар. Жалпы карантиннің енгізілуіне байланысты шілде айында сұраныс пен ұсыныстың төмендеуі байқалды, бірақ тамыз айында карантиндік шаралар біртіндеп әлсірегеннен кейін бос жұмыс орындары мен түйіндемелер саны артқан. Елімізде ең көп сұранысқа ие мамандар қатарында бастауыш сынып мұғалімі мен медбике де бар.

***

Елордада серуендеуге және жайлы демалысқа арналған жаңа қоғамдық орын пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Спорт алаңы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңы бар саябақ Алматы ауданындағы Промышленный елді мекенінде ашылды. «Мұнда жарықтандыру, суару жүйесі толығымен автоматтандырылған. Сонымен қатар, тұрғындар үшін жаттығу құрылғылары орнатылған спорт алаңы салынды. Бұған қоса, балаларға арналған ойын алаңы да орнатылды», — дейді Нұр-Сұлтан қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Айдын Бегімбеков.

***

Ирактың Бағдад қаласында халық Үкіметке қарсы ереуілге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24». Жиналғандар тәртіп сақшыларына қолдан жасалған граната мен тас лақтырған. Полиция өкілдері болса, наразыларды тарқату үшін көз жасаурататын газ бен суатқыштар қолданды. Ақпарат көздерінің хабарлауыша, оқиғадан 30-дан астам полиция қызметкері жараланған. Қазір шаһардың бірнеше көшесі мен көпірлері жабық. Естеріңізге салайық, Ирактағы толқулар өткен жылдың қазан айында басталған еді. Ел тұрғындары аймақта жұмыссыздық пен сыбайлас жемқорлықтың белең алуына наразы. Сол кезден бері Ереуілдерде шамамен 500 адам көз жұмды. Ондаған мың тұрғын түрлі жарақат алды.

***

Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасында бүгін Ресейде Новосібір қаласының «Сибирь» командасымен кездеседі. Ойын елорда уақытымен сағат 19.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Екі команда бұған дейін 37 мәрте кездесті. Оның 14-і «Барыстың» жеңісімен аяқталса, қалғанында «Сибирь» жеңіске жетті. Соңғы ойында «Барыс» елордада Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) командасынан 1:3 есебімен жеңіліп қалды. «Барыс» 14 ойыннан 16 ұпай жинап, жалпы турнир кестесінде 18-орында келеді. Ал «Сибирь» 20 ойыннан кейін 15 ұпаймен 19-орында тұр.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 43