Іздеу

Қорытынды жаңалықтар 6.11.2020

Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2021 жылы жаңа Су кодексін және «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» Заң жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі заманғы сын-қатерлер мен оларды шешу перспективалары» тақырыбындағы Сенаттағы үкіметтік сағатта хабарлады. «2021 жылға жаңа Су кодексінің және «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» Заңның тұжырымдамаларын әзірлеу жоспарлануда», – деді М.Мырзағалиев Үкімет сағатында. Оның дерегінше, министрлікте су ресурстарын ұлғайтудың балама жолдарын пайдалану мүмкіндігін, өнеркәсіпте, ауыл және коммуналдық шаруашылықта суды пайдалану тиімділігін арттыруды, сондай-ақ су ресурстарын елдің су тапшы өңірлеріне жіберуді зерттеуге бағытталған ғылыми блок қалыптастырған.

*****

Сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанның су заңнамасы одан әрі жетілдіруді талап етеді. «Қолданыстағы кодекске он жеті жыл ішінде 62 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді (жылына орта есеппен 3 реттен сәл артық). Нәтижесінде құқық қолдану реттілігінің жоғалуы байқалады, бұл су шаруашылығының барлық деңгейлеріндегі жағдайдың нашарлауына әкеледі», – деп атап өтті министр. Сондай-ақ, қолданыстағы Кодекс су шаруашылығы құрылыстарын жобалаудың, салудың және пайдаланудың техникалық мәселелерін регламенттемейді. «Бұл мәселелер әртүрлі құрылыс нормаларымен, ережелерімен, министрліктер мен ведомстволардың бұйрықтарымен реттеледі, ал ГТҚ қауіпсіздік мәселелері ГТҚ қауіпсіздігі туралы арнайы заңмен регламенттелуі тиіс», – деп есептейді министр.

***

Қыркүйек айында украин блогерімен тікелей эфирде сөйлесіп, қазақ халқына, қазақ тіліне тіл тигізген қостанайлық кәсіпкер Кирилл Божко екі жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Қазақстан ұлттық арнасы. Сот үкімі кеше, 5 қараша күні Рудный қаласында жария болған. «Рудный қаласының соты азамат К.Божконы Қылмыстық кодекстің 174 бабы, 1-тармағына сай кінәлі деп танып,оны екі жылға бас бостандығынан айырды. Азаматтың кінәсі бейнежазба арқылы дәлелденді, сараптама қорытындысы бар»,-деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. Дереккөзіне сүйенсек, Кирилл Божко аса қауіпті емес колонияға қамалады. Естеріңізге сала кетейік, 21 қыркүйек күні Қостанай өңірінің тұрғыны Кирилл Божко әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде қазақтарды маймылға, ал, қазақ тілін маймылдардың тіліне теңеген. Сол арқылы ұлтаралық араздық туғызған Божконы тиісті органдар тез арада қолға түсірген болатын.

***

Бұдан былай телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтарға жеке куәліктің, паспорттың және жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталғаны туралы SMS хабарлама келеді. Қажетті қызметке сілтемесі бар хабарлама куәлік мерзімнің аяқталуына бір ай қалғанда жіберіледі. SMS хабарлама алған азаматтар Gov.kz порталында өз құжаттарын ұзарта алады. Жеке куәлік пен паспортты «Паспорт, жеке куәлік алу» қызметін пайдалану арқылы ұзартуға болады. Алайда қолданылу мерзімі өткен жеке басты куәландыратын құжатты тек ХҚКО-да ауыстыру керек. Жүргізуші куәлігін құжаттың қолданылу мерзімі өткен, тегі, аты және әкесінің аты өзгерген, жоғалған немесе ұрланған жағдайда eGov.kz порталында онлайн өтінім беру арқылы қайта шығаруға болады. Ол үшін порталда «Жүргізуші куәліктерін беру» қызметін таңдау қажет. Сондай-ақ, мобильді азаматтар базасында тіркелген азаматтарға туған күніне орай 1414-тен құттықтауы бар хабарлама жолданады.

***

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерде жұма намазын оқуға қатысты мәлімдеме жасады.«Қазіргі уақытта еліміздің мешіттерінде күнделікті бес уақыт намаз жамағат пен оқылады, алайда жұма намазы уақытша оқылмайды. Осыған орай, ҚМДБ мұсылман қауымын мемлекет заңына мойынсұнуға және түрлі арандатушылық әрекеттерге салынбауға шақырады. Өйткені Әбу Ханифа мәзһабында жұма намазы дұрыс болу үшін мемлекет басшысы немесе оның орынбасары жалпы рұқсат (изн ғам) беруі шарт. Діни басқарма жамағатты үкіметтің жұма намазын уақытша тоқтатуға қатысты шешіміне түсіністікпен қарауға және оған сабырлық танытуға шақырды.

***

Хельсинки әуежайына келген жолаушылар арасында коронавирус жұқтырғандарды қызметтік иттердің көмегімен анықтап жатыр. Әзірге сынаққа 16 жануар қатысып жатыр. Сынақ барысында жолаушылар майлықпен терісін сүртіп, мамандарға тапсырады. Ал арнайы ыдысқа салынған биоматериалды иттер иіскеп, COVID-19 жұқтырғандарды анықтайды. Егер оң нәтиже көрсетсе, үріп мамандарға белгі береді. Осыдан соң иттер нұсқаған жолаушылар қосымша ПТР тестілеуден өтеді.Мамандардың айтуынша, коронавирус жұқтырғандарды қызметтік иттермен тексеру жылдам әрі арзанға түседі. Атап айтсақ, иісшіл жануарлар ПТР тестілеуге қарағанда инфекция жұқтырған науқастарды 5 күн бұрын анықтауға көмектеседі екен. Жалпы, COVID-19 жұқтырғандарды иттердің көмегімен тексеру әуежай үшін 300 мың еуроға шығады. Бұл ПТР-тестілеуден едәуір арзан.

***

Елордада жексенбі күні, 8 қарашада дезинфекциялық жұмыстардың жүргізілуіне байланысты қоғамдық көліктердің жұмысы бір күнге тоқтатылады. Дүйсенбі күні, 9 қарашада, автобустар қайтадан жолға шығады. «Қала тұрғындарын санитарлық нормаларды сақтауға шақырамыз. Автобустарға бетпердесіз кіруге тыйым салынады. Жол ақысы тек қолма-қол ақшасыз төленеді», – деп түсіндірді City Transportation Systems компаниясы.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 79