Іздеу

Қорытынды жаңалықтар 5.11.2020

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады. Министр Қарулы Күштердің негізгі даму бағыттары жөнінде баяндады. Бұл ретте қазіргі әскери қақтығыстардың тәжірибесі сөз болды. Кездесу барысында Қазақстан армиясының инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын жетілдірудің перспективалары және әскерді ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары сынды заманауи қару-жарақ түрлерімен жабдықтау мәселелері қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа әскери қызметшілердің тұрмыстық және әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды сапалы киім-кешекпен қамтамасыз ету жөнінде баяндалды. Жоғарғы Бас қолбасшы талқыланған мәселелердің өзектілігін ескере отырып, Қорғаныс министрлігінің әскери алқа отырысын ұйымдастыруға тапсырма берді.

***

Мәжіліс сайлауына қатысатын саяси партиялардың тізімі бекітілді. Сайлауға 6 саяси партия түседі. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, Әділет министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, ҚР-да 6 саяси партия тіркеліп, жұмыс істеуде. Бүгінгі күні барлық саяси партиялар заңнама аясында жұмыс істейді. «Оларды қайта құруға немесе таратуға уәкілетті органдар тарапынан құқықтық негіздер жоқ. Демек, алдағы сайлауға «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы»; «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы»; «Бірлік» саяси партиясы»; «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы»; «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» және «Nur Otan» партиясы» қатысады.

***

Үкімет басшысы Асқар Мамин қырғыз тарапының бастамасымен Қырғызстан премьер-министрі, президент міндетін атқарушы Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті, – деп хабарлайды Primeminister.kz. «Тараптар Қазақстан мен Қырғызстанның сауда-экономикалық, транзит-көлік және су-энергетика салаларындағы ынтымақтастығының жай-күйі мен келешегін талқылады. ЕАЭО және ТМД аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ COVID-19 таралуына қарсы күрес туралы сөйлесті.

***

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жұмыс орнында физикалық жаттығулар жасау ережелерін бекітті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Ереже бойынша, физикалық жаттығулар ұйымдарда жұмыс уақытында жүргізілуі керек. Жұмыс беруші орындалатын жұмыс түріне, еңбек жағдайына, қызметкердің жасына және жынысына байланысты жаттығуларды дайындайды. Жаттығу жасайтын бөлме таза болуы керек екені және ол желдетілуі қажет екені айтылған. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрінің айтуынша, физикалық жаттығулар жұмыс күнінің бірінші жартысында 10-15 минуттан кем болмауы тиіс. Жаттығу түрін 3-4 апта сайын ауыстыру қажет. Ережеге сәйкес, денемен оңға, солға бұрылу, аяқтың ұшымен жүру, қол мен аяққа жаттығулар және тағы басқа гимнастикалық жаттығулар жасау керек.

***

Павлодар қаласында тоғызыншы қарашадан бастап блок-бекеттер қойылады. Өңірге іс-сапармен барған премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов облыс әкіміне осындай тапсырма берді. Павлодар-Алматы, Павлодар-Нұр-Сұлтан және Павлодар-Шымкент әуе бағыттарының саны қысқарады. Павлодар-Алматы бағыты бойынша жүретін пойыз аптасына 3 рет қатынайды. Транзиттік бағыттағы теміржол құрамының қала ішінде аялдауына тыйым салынады. Коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші күніне 10 адамнан асқан елді мекендерге санитарлық бекеттер орнатылады. Сенбі, жексенбі күндері қоғамдық көліктер жүрмейді. Ірі сауда үйлері, ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақыты қысқарады. Барлық жиын онлайн режимінде өтіп, мекеме қызметкерлерінің 80 проценті қашықтан жұмыс істеу үрдісіне көшеді.

***

Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Сол бойынша оқу жылының екінші тоқсанынан бастап бала саны 300 оқушыға дейінгі қалалық және ауылдық мектептер дәстүрлі форматта оқытуға көшеді. Тек сыныптағы бала санын 15-тен асырмау қажет. Ал жалпы білім беретін мектептерде – 1 сыныптан 5 сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде – 7 сыныпқа дейін кезекші сыныпта оқытуға рұқсат берілген. Сондай-ақ, театрлардың жұмысына тыйым салынбайды. Алайда, зал лық толмауы керек. Бұл талап діни орындарға да қатысты.

***

Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданы 9 қарашадан бастап карантинге жабылады. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында бұл елді мекендерге кіріп-шығуға тыйым салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алайда, арнайы қызметтерге, медициналық тексерілуге келгендерге, жұмыс орны берген анықтамасы бар келіп-кетіп істейтін жұмысшыларға кіріп-шығуға рұқсат беріледі. «Қалғандары карантиндік шектеу күшейтілген аймақтан шығу не керісінше кіру қажет болған жағдайда ПТР-тест жасатулары қажет. Оның нәтижесі тек 3 күнге ғана жарамды. Бұл анықтама 5 жасқа дейінгі балаларға қажет емес.

***

Оралда түнгі мезгілде автокөліктердің қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 7 қарашадан бастап сағат 23:00 мен таңғы 6 аралығында тек қана арнаулы қызмет көліктері ғана жүре алады. Жаңа қаулы талаптарын бұзғандарға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Жиын-тойлардан түнделетіп тарқайтын тұрғындардың қарасы көп. «Көлік қозғалысын шектеуге де осы себептен барып отырмыз», – дейді сала мамандары. Егер де қала тұрғындарына жүру немесе дәріханаға бару керек болса, stop.covid сайтына тіркелу арқылы немесе 109 бірыңғай жедел қызметіне қоңырат шалу арқылы тіркеліп, шығуына болады.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 73