Іздеу

Қорытынды жаңалықтар 3.11.2020

 

Халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін терроризмге, адамзатты жеккөрушілік идеологиясы мен әрекетіне қарсы тиімді біріктіру керек. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де жазды. «Венадағы жантүршігерлік терактіні ешқандай ақтап алуға болмайды. Австрия Үкіметі мен халқының қайғысына ортақпын. Халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін терроризмге, адамзатты жеккөрушілік идеологиясы мен әрекетіне қарсы тиімді біріктіру керек», – деді Мемлекет басшысы.

***

Қазақстанда 57 елдің азаматтары үшін визасыз режимді тоқтата тұру мерзімі ұзартылды. ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссия визасыз режим бойынша шешім қабылдады: 57 елдің азаматтары үшін визасыз режимді тоқтата тұруды 2021 жылғы 1 мамырға дейін, ҚХР мен Үндістаннан келетін транзиттік жолаушылардың ҚР аумағында 72 сағат визасыз болуын тоқтата тұру 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылды делінген ақпаратта.

***

«Nur Otan» партиясы өңірлік филиалдарында өтетін конференциялардың кестесін жариялады. Оның барысында барлық деңгейдегі мәслихаттарға партиялық тізімдер және әр өңірден Мәжіліске партиялық тізімге кандидаттар анықталады.

Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, пандемия жағдайына байланысты партиялық конференциялар барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылады. Конференцияларда шешім қатысушы делегаттардың көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыс беру «Праймериз» ақпараттық жүйесінде өтетін пікірсайыстардың қорытындылары бойынша дауыс беруді қоспағанда, делегаттың қол немесе мандатын көтеруі арқылы өткізіледі.

***

Шығыс Қазақстан облысы коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл аймаққа» кірді. Бұл туралы ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаев айтты. «облыста жұмсартылған шектеулер бекітілді. Кәсіпорындар жабылмай, коменданттық сағат енгізілмейді. Өңірдегі барлық шектеу шаралары адамдардың денсаулығы мен өмірін қорғауға бағытталған. Біз азаматтардың осы шектеу шараларына жауапкершілікпен қарап, түсіністік танытарына сенеміз», – деді Талғат Тұңғышбаев. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Шығыс Қазақстанда 10747 адам коронавирус жұқтырған. Оның ішінде 8508 адам жазылып шықса, көз жұмғандар саны – 249.

***

Шығыс Қазақстан облысында 49 жолаушы ПТР анықтамасы болмағандықтан Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына қатынайтын ұшақтарға отырғызылмады. Бұл жайында көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Садуақас Байғабылов мәлім етті. Сонымен қатар ШҚО-да пойызға мінбек болған ПТР анықтамасыз 200 адам жолдан қалды. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы мен Қызылорда бағытында жол жүрмек болған.

***

7 қарашада Ақмола облысында санитарлық бекеттер қойылады. Бұл туралы өңірлік тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина айтты. «7 қарашада сағат 00.00-де Ақмола облысында алты санитарлық бекет орнатылады. Қазір жабдықтарды орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, атап айтқанда термометрия қойылады», деді Мусина. Ол санитарлық бекеттер сенбіден бастап жұмыс істейтінін, бірақ көлік қозғалысы жабылмайтынын айтты.

***

Елде «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 17 мың жеңілдетілген несие беріледі деп жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 2600-дей өтініш мақұлданды, 2888 өтініш азаматтардан келіп түскен екен. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» бойынша 5 мың жеңілдетілген несие, 10 мың арендалық үйлер салынады. Жалпы 40 мыңға жуық үй мемлекет көмегімен беріледі. Бұл туралы Қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларының іске асырылуы тақырыбында өткен брифинг кезінде ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істер комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтты.

Оның сөзінше жеңілдетілген несиелерге пәтер тапшылығы болмайды.

***

Келер жылдан бастап, Ақтауда қала автобустарында сараланған жолақы құнын енгізу жоспарланып отыр. Қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай жолаушылар электрондық карта арқылы (валидатор) жолақы тарифін төлеген жағдайда 70 теңге болатынын, ал қолма-қол төлеген жағдайда екі еселенген 140 теңге төлеуге міндетті екенін айтты. Сондай-ақ, ол Ақтауда жаңа аудандар арасына қатынайтын бірнеше қоғамдық көлік жүре бастайтынын жеткізді.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 68