Іздеу

Қорытынды жаңалықтар 23.10.2020

 

Судьяларымыз адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуын басты назарда ұстау керек. Бұл туралы Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

***

Елімізде сот процестердің 95 пайызы қашықтан өтіп жатыр. Күніне 4,5 мыңға дейін онлайн-процесс өтеді. Бұл туралы ҚР судьяларының VIII съезінде Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов айтты. Сонымен қатар ол елімізде 230 сотта фронт-кеңселер ашылғанын жеткізді.

***

Съезд жұмысына Қазақстан Судьялар одағының делегаттары; халықаралық сарапшылар мен серіктес-ұйымдар; қоғам және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты.

***

27 қазаннан бастап Қазақстанның Бас санитар дәрігерінің жарлығымен карантин талаптары күшейтіледі, деп хабарлайды «Хабар 24». Атап айтқанда, әуе және құрлықтағы шекара бекеттерінде қатаң санитарлық талап қойылады. Халықаралық рейстермен ұшып келген жолаушылар жарамдылық мерзімі 3 күннен аспаған ПТР-тестті көрсетуі тиіс. Егер де жолаушының қолында коронавирусты анықтайтын тест қорытындысы болмаса, әуе кемесінің бортына жіберілмейді. Сондай-ақ транзиттік тасымалды іске асыратын көлік жүргізушілерінің қолында ПТР-тесттің нәтижесі болуы тиіс. Жергілікті санитарлық-эпидемиология қызметтеріне карантинге алынған азаматтардың сынама қорытындысын екі күннің ішінде әзірлеу тапсырылды.

***

Қазақстанда сұйық май қымбаттауы мүмкін. Мамандар сұйық майдың қымбаттауын әлемдік сұраныстың күрт төмендеуімен байланыстырады. Коронавирустың таралуынан карантин кезінде шекаралар жабылып, дүниежүзінде сауда айналымы баяулады. Бұдан бөлек, биыл шикізат көлемі де аз. Бұл Ресейде сұйық май бағасының өсуіне негіз болды. Қазақстанның дәнді және майлы дақылдарды зерттеу бюросының хабарлауынша, Ресей мен Украина әлемдегі ең ірі май өндірушілерге жатады. Бюро басшысы Виктор Аслановтың айтуынша, биыл Украинада күнбағыс алқаптарынан бұрынғыдан аз өнім жиналды. Ал қазақстандық май өндірушілерге келсек, олар ішкі нарықтың тек жартысын қамтамыз етеді. Қалғаны Ресейден импортталады. Сарапшылардың пайымдауынша, Ресейде сұйық май құны 20%-ке өседі. Бұл Қазақстандағы майдың қымбаттауына әкеледі.

***

ТЖМ автокөлік иелеріне жазғы дөңгелектерін қысқы шиналарға ауыстыруға кеңес берді. Өйткені қазіргі уақытта жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупі жиілейді. «Қазгидромет» деректері бойынша қарашада жауын-шашын болады (көбінесе қар), боран соғып, екпінді жел, сондай-ақ еліміздің орталық, солтүстік және шығыс өңірлерінде көктайғақ пен тұман күтіледі. Сондықтан республика жолдарында көлік құралдарының қозғалысына ерекше назар аудару қажет.

***

Қазақстанда 2 қарашадан бастап ауыл шаруашылығы техникасы қайта өңдеуге қабылданады. Бағдарламаны «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері Операторы» компаниясы іске асырады, деп хабарлайды zakon.kz. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің келісімімен тозығы жеткен ауылшаруашылық техникасы жеңілдік сертификаттарына алмастырылады. Жеңілдік сертификатының құны агротехниканың түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін бағаланады. Сол арқылы елімізде құрастырылған су жаңа ауыл шаруашылығы техникасын немесе жеңіл, жүк және жолаушылар көлігін жеңілдікпен сатып алуға болады.

***

Қазақстандықтар «Мен туымды мақтан етемін» акциясын бастады. Желі қолданушылары, соның ішінде танымал блогерлер, спортшылар мен белсенділер еліміздің туы бар суреттер мен видеоларды жариялап жатыр. Акция «Борат-2» фильмінің шығуымен байланысты. Бұған дейін Аустралияда Бораттың үлкен мүсіні орнатылып, Қазақстанның туымен флешмоб өткен. «Борат егіздерінің шеруі» Сиднейдегі Бондай Бичтің ең танымал жағажайында өтті. Осыған байланысты АҚШ бас консулдығы ғимаратының алдында алматылықтар «Борат-2» фильмінің көрсетілімін тоқтатуды талап етіп, наразылық білдірді.

***

Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасында бүгін Ресейдің Қазан қаласының «Ак Барс» командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ойын елорда уақытымен 19.30-да басталып, «Qazsport» және КХЛ-ТВ телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі. Екі команда бұған дейін 37 мәрте кездесті. «Барыс» небәрі 7 рет жеңіске жетіп, қалғанында қарсыласына есе жіберді. Соңғы ойында «Барыс» елордада Финляндияның «Йокерит» клубынан овертаймда 4:5 есебімен жеңіліп қалды. Қазір «Барыстың» 13 ойыннан кейін 16 ұпайы бар. Жалпы турнир кестесінде 18 орында тұрса, шығыс конференциясында тоғызыншы орынға жайғасқан.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 41