Іздеу

Қорытынды жаңалықтар 22.10.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды түрлі жәбірден, интернеттегі арандатудан қорғау үшін Ұлттық мониторинг механизмін енгізуді тапсырды. «Балаларды интернеттегі қудалаудан сақтау керек. Мәселені жүйелірек түсіну үшін Ұлттық мониторинг механизмін – балалардың амандығы индексін құрып, оны 2022 жылдан бастап енгізу қажет. Индексті енгізу жұмысы балалардың әртүрлі саладағы жағдайын жақсарту бойынша ұлттық саясаттың тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді», – деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

***

Сондай-ақ Президент аталған жиында оңтүстіктен солтүстік өңірге көшетіндерге берілетін жәрдемақыны 2 есе көбейтуді тапсырды. Мемлекет басшысы жақында жұмыс сапарыммен Солтүстік Қазақстан облысында болғанын атап өтті. «Бұл өңір демографиялық өсімі ең баяу аймақтың бірі болғанымен қоныс аударушыларды тарту жағынан жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Аймақта көшіп келушілерге арналған тұрғын үйлер салынуда. Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бойы көтеруде. Қоныс аударушыларды ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін 2 есеге, яғни 35 АЕК-тен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын. Үкіметке бір айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырамын»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

***

Президент өз сөзінде басталған реформалардың тағы бір салмақты компоненті – ауыл әкімдерін тікелей сайлау екенін айтып өтті. «Ол сайлау Қазақстан тарихында бірінші рет өткізіледі. Бұл сайлау – тиімді әрі тұрақты мемлекеттік институттарды құрудағы маңызды қадам болмақ. Ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлап алу мәселесіне үлкен жауапкершілікпен келдік. Ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді», – деді ол. Президент 2020 жылы ауылдық округтердің бәрінде төртінші деңгейлі бюджетті енгізу жұмысы аяқталғанын мәлім етті.

***

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау онлайн режимде өтпейді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев мәлім етті. «Сайлау процесі «Сайлау туралы« заңмен реттеледі және заңнамамызда онлайн-дауыс беру мәселесі қарастырылмаған. Бұл сайлауды да әдеттегі жүйемен, қағаз бюллетеньмен өткіземіз. Яғни, сайлаушыларымыз үшін бұл тұрғыда ешқандай жаңашылдық жоқ», – деді Берік Имашев Орталық сайлау комссиясында өткен баспасөз мәслихаты барысында. Айта кетейік, кеше Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина 2021 жылдың қаңтарында Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын өткізуге шығыстардың болжамды сметасы 15,3 млрд теңге болғанын мәлім еткен болатын. Ал егер екі сайлау біріктірілмей, бөлек өткізілсе, шығын 25 млрд теңге болатын еді. 21 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

***

26 қазаннан бастап шетелден елге қайтпақ болған қазақстандықтар ПТР анықтамасыз ұшаққа отырғызылмайды. Бұл туралы ҚР Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Садуақас Байғабылов мәлімдеді. «Осы жылдың 26 қазанынан бастап Қазақстанға халықаралық әуе рейстерімен келетін барлық жолаушыларда, соның ішінде ел азаматтарында да мемлекеттік шекараны кесіп өткенге дейін 72 сағаттан артық емес уақытты құрайтын ПТР тестілеудің анықтамасы болуы керек. Тек 5 жасқа дейінгі балалар бұл анықтамадан босатылады», – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында. ПТР тестілеудің нәтижесін қағаз түрінде немесе электронды нұсқада (смартфоннан) көрсетуге болады.

***

Шымкентте коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерлерін еске алу шарасы өтті. «Өзгені құтқарып, өз жанын пида еткен» атты акция аясында пандемия кезінде көз жұмған ақ халаттылардың туған-туыстарына төсбелгілер табысталды. Елімізде қауіпті індет өршіген тұста Түркістан облысында 32, ал Шымкент қаласында 21 аурухана қызметкері қайтыс болған еді. Олардың қатарында дәрігерлер мен медбикелер, тазалық қызметкерлері мен жүргізушілер бар. «Оңтүстік» медицина қызметкерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шара барысында марқұмдардың ерен ерлігі сөз болып, бір сәт үнсіздікпен еске алу рәсімі өтті. Әруақтарға арналып құран бағышталып, ескеркіш тақтайшаға гүл шоқтары қойылды. Жиынға қатысқан туған-туыстарына «Өмір үшін», «Алтын дәрігер» және «Мейірім» төсбелгі-медальдары тапсырылды.

***

Бокстан 2020 жылғы Қазақстан чемпионаты қараша айында Шымкентте өтеді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазды Olympic.kz. Шымкент қаласы 2017 жылы ел біріншілігін, 2019 жылы V жазғы Спартакиаданы абыроймен өткізген. Коронавирустың алдын алу жөнінде ведомствоаралық комиссияның мәліметі бойынша, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы эпидемиологиялық жағдай тұрақты саналатын «жасыл аймаққа» енеді. Аталған өңірде вирус жұқтырғандар аз тіркелуде. «Біз Шымкент қаласының бас санитар дәрігерінен рұқсат алдық, енді еліміздің бар аймағынан келетін спортшыларды қабылдауға дайындалып жатырмыз. Бұл ерлер мен әйелдер арасындағы дода бірлесе өткізілетін алғашқы біріншілік болмақ. Залға көрермендер кіргізілмейді. Ал біз ұлттық чемпионатты жоғары деңгейде өткізу үшін бар күшімізді саламыз», – дейді Шымкент бокс федерациясының атқарушы директоры Рахманбек Арғымбаев.

***

31 қазанда Атырауда бокс кеші өтеді. Бұл кеште отандық және шетелдік боксшылар рингке шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кештің негізгі оқиғасы бірінші ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы, әуесқойлар арасындағы Азия-2019 чемпионы Бек Нұрмағанбет (1-0, 1 КО) пен бұрын екінші орта санаттағы WBO Asia Pacific титулын иеленген, 27 жастағы танзаниялық Абдаллах Паззимен (27-7-1, 24 КО) кездесуі болмақ. Еске сала кетсек, Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы жолын биыл 26 шілдеде Минскіде (Беларусь) бастап, сол кездесудің бірінші раундында мажарстандық Тамаш Ласканы (19-21-1, 10 КО) техникалық нокаутпен жеңген болатын.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 37