Іздеу

Қорытынды жаңалықтар 21.10.2020

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалсын. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы 2021 жылғы 11 қаңтарға тағайындалсын. Орталық сайлау комиссиясы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын дайындауды және өткізуді ұйымдастырсын делінген Президент Қаулысында.

***

Парламент Мәжілісі және Мәслихат депутаттарын біріккен сайлау компаниясына шамамен шығындар сметасы 15,3 миллиард теңге болады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина мәлімдеді. «Бұл бюджет қаржысын тиімді пайдалануда ұтымды шешім болып отыр. Себебі екі бөлек сайлау өткізгенде шығын 25 миллиард теңге болатын еді» дейді Сәбила Мұстафина.

***

Сайлау алдындағы үгіт 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18-ден кейін басталады және 2021 жылғы 9 қаңтарда жергілікті уақытпен 00:00-де аяқталады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев айтты. Ал депутаттыққа кандидаттарды ұсыну кезеңі 10 қарашадан бастап 4 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18-ге дейін жалғасады.

***

«Ақ жол» демократиялық партиясы Президенттің бүгінгі сайлау туралы Жарлығына қатысты мәлімдеме таратты. «Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақстандағы жетекші саяси ұйымдардың бірі ретінде аталған сайлауға өзінің қатысатынын мәлімдейді. «Ақ жол» демократиялық партиясы алдағы уақытта да Қазақстанның ұлттық мүдделеріне, парламенттік институттарды енгізуге, нарықтық экономиканы дамытуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізуге қызмет ететін болады.

 

Көппартиялы Парламент – қазіргі заманның талабы. Бұл туралы «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Парламент және мәслихаттарға кезекті сайлаудың жариялануына қатысты мәлімдемесінде айтылған. «Осы жолғы сайлау көппартиялық парламенттің қалыптасуына себепкер болып, қоғамның жаңаруға деген сұранысын қанағаттандырады деп ойлаймыз», – делінген «Ауыл» партиясының Саяси кеңес президиумы таратқан мәлімдемеде.

***

Қазақстан коммунистік халық партиясы алдағы Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауға дайын. Бұл туралы аталған партия мүшесі, Мәжіліс депутатыт Айқын Қоңыров айтты. «Біз парламенттік партия ретінде кез келген сайлау науқанына қатысуға міндеттіміз. Өйткені, бұл күшімізді байқап көрудің үлкен мүмкіншілігі саналады. Меніңше, бүгінгі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында бұл өте өзекті бола түсті. Коммунизм идеологиясының негізі – әділдік. біз сайлауға «әлеуметтік әділдік» ұранымен түсеміз», – деді ол.

***

23 қазанға дейін өңірлерге 100 медициналық кешен жеткізіледі. Қазіргі таңда 25 жылжымалы медициналық кешен өңірлерге жеткізіліп отыр. Олардың ішіне зертханалық, рентген аппараттары орнатылған. терапевт, гинеколог сынды мамандар ауыл-аймақты аралап, медициналық көмек көрсетеді», – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты. Сондай-ақ ол короновирустық инфекциясының ықтимал жаңа толқынына дайындық шаралары туралы айтып берді.

***

Елімізде 26 қазаннан бастап бірқатар шет мемлекетке әуерейстері қысқарады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты. Тізімде Украина, БАӘ, Германия, Беларусь, Түркия елдері бар», – деді Ажар Ғиният.

***

26 қазаннан бастап халықаралық транзиттік жүк тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілерден коронавирусқа ПТР-тест анықтамасы талап етіледі. Анықтама болмаған жағдайда жүргізушілер шекарада тестілеуден өтуге міндеттеледі. Егер олардан коронавирус жұқтырғаны анықталса, олар тоқтаған жеріндегі ауруханаға жатқызылады. Бұл туралы толығырақ Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова айтып берді.

***

Алдағы күндері республикада күн райы бұзылып, қар аралас жаңбыр жауады. Қазақстан аумағына Скандинавия аймақтарынан циклон әсер етеді, ол өзімен бірге ылғалды және суық ауа массаларын әкеледі. Әсіресе, бұл оңтүстік-шығыста және шығыста қатты білінеді. Кей жерлерде тұман, көктайғақ, желдің күшеюі байқалады. Шығыста, таулы және тау бөктеріндегі облыстарда аптаның аяғында бұрқасын болады. Түнде термометр елдің солтүстігінде және орталығында 5-13 гр суықты көрсетеді.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 33