Іздеу

Бүгін Мемлекет басшысы елордадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев көпсалалы кешеннің жұмысымен танысып, лабораториялар мен бөлімдерді аралап көрді. «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Юрий Пя Президентке науқастарды емдеу және диагностика жасау процесіне инновация мен цифрлық технологияларды енгізу туралы егжей-тегжейлі айтты. Президент кездесу соңында медицина қызметкерлерінің игілікті ісіне табыс тіледі.

***

Бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин елордадағы Жеңіл атлетика спорт кешені мен Қазақ драма театрының құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Спорт нысаны Тұран даңғылы мен Ұлы Дала көшесінің қиылысында 9 га аумақтағы учаскеде салынып жатыр. Ал Қазақ драма театрының құрылысы А. Байтұрсынов, Ж. Нәжімеденов, Қ. Аманжолов және Сарыкөл көшелерінің арасындағы 6 га аумақтағы учаскеде жүріп жатыр. Премьер-министр барлық құрылыс жұмыстарын сапалы орындап, нысандарды жоспарланған мерзімде яғни елорда күніне орай пайдалануға беруді тапсырды.

***

Қытайдағы коронавирустан 2000 мыңнан астам адам қайтыс болды. Қауіпті індет 29 мемлекетте тіркелген Бұл соңғы мәліметтер. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай дерек келтірді..

Сондай-ақ министр елімізде коронавирустың таралмауына жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

Денсаулық сақтау министрі коронавирусқа байланысты шу шыққан Зайсандағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, ведомствоаралық комиссия шешімімен Қытай-Қазақстан арасында әуе және автобус қатынасы, жолаушылар пойызының жүруіне уақытша шектеу қойылған. Алайда пойыз арқылы жүк тасу тоқтатылмаған. Сондықтан тауар тасумен айналысатын Қазақстан және Қытай азаматтары шекарадан өтеді. «Олар елге келгеннен кейін ары қарай инфекцияны тарату қаупін болдырмау үшін алдын алуымыз қажет. Соған байланысты сол жерде арнайы карантиндік станса ашуымыз керек. Сондай бұйрығымыз болған. Азаматтар дұрыс түсінбеген» – деді министр.

***

Медсақтандыру қорына ең көп жарна мемлекет есебінен түсті. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов ОКҚ-де өткен брифингте осылай деді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 17 млн адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қатысушылары.

***

Биыл пара алған 16 полиция қызметкері ұсталған. Алған параның ең жоғары сомасы 100 мың теңге. ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басшысы Арман Саданов ведомство қабырғасында өткен брифингте осылай мәлім етті. Ұсталғандардың арасында жол-патрульдік полициясының қызметшілері, тергеушілер, сондай-ақ ҚАЖ комитеті құрамындағы мекемелердің өкілдер бар. Статистикалық ақпаратқа қарағанда, әр өңірде бір адамнан анықталған.

***

Шымкентте әскери бөлімнен 30 автомат, 27 тапаншаны алып қашып кеткен сарбаздың кім екені белгілі болды. Ол – Абылай Балғынбаев. Тенгриньюстің хабарлауынша, ол 1995 жылғы. 2016 жылдың шілдесінен келісімшарт бойынша 10216 әскери бөлімінде қызмет етеді. Өткен жылы желтоқсанда «кіші сержант» атанған. Түркістан облысында қару-жарақтың жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.

***

«Мың алғыс». «Қазақ радиолары» серіктестігі Алғыс айту күніне орай ақпанның 28-і күні елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында осындай атаумен дәстүрлі қайырымдылық кешін өткізеді. Шара мақсаты – мейірімділік, қайырымдылық, өмірге деген құштарлықты насихаттау, ауыр дертке шалдыққан жандардың еміне қаржы жинау. Кеште «Харекет» қайырымдылық қоры 3 отбасыға пәтер кілтін табыстайды. Мидың қатерлі ісігіне шалдыққан Самат Ақбергеновке көмек көрсетіледі. Қайырымдылық концертіне Майра Мұхамедқызы, Құрмаш Махан, Әлішер Кәрімов, Қарақат Әбілдина, Өмірқұл Айниязов сынды эстарада жұлдыздары, «Ұлттық ұлан» сарбаздары қатысады. Басталуы сағат 19:00-де.

Осы подкасттан көбірек

Шығарылым 4