Іздеу

Қорытынды жаңалықтар 19.10.2020

 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияға сілтеме жасап. Атап айтқанда, Ведомствоаралық комиссияның шешімімен: І. Шекарадан өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтіледі. 26 қазаннан бастап шетелге ұшатын әуе рейстерінің саны қысқарады; Қазақстан аумағына келгендердің барлығы, сондай-ақ халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын жүргізушілер міндетті ПТР-тестілеуден өткізіледі.

***

Бүгіннен бастап ПТР-тестілеу құны зертханаларда 9 мың теңгеге дейін төмендетілді. Сонымен бірге эпидемиологиялық ахуалы тұрақты өңірлерде бизнес субъектілерінің қызметі кезең-кезеңімен қайта жандандырылады; 24 қазаннан бастап сенбі күндері сағат 17:00-ге дейін СОСО, сауда үйлері, жабық базарлар жұмыс істей бастайды; 26 қазаннан бастап кинотеатрлар қашықтықты және маска тағу режимін сақтай отырып, жұмысын қайта бастайды.

***

Барлық өңірдің полиция басшыларының әлеуметтік желідегі парақшасы жарияланды. Аумақтық полиция департаменттерінің басшыларына енді Facebook әлеуметтік желісі арқылы арыз-шағым мен өтінішті жеткізуге болады. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жазды. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, соны шешуге әрекет ету, тұрғындармен кері байланыс жасау – Мемлекет басшысының «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасының басты мақсаты. Халық үні назардан тыс қалмауы тиіс, – деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында. Еске салайық, Полиция департаментінің бастығы Нұр-Сұлтан қаласында Ержан Сәденов, Алматыда Қанат Таймерденов, Шымкентте Ералы Жұмаханбетов, ал Атырау облысында Қамза Үмбетқалиев.

***

ШҚО-да 2030 жылға қарай жыл сайын кем дегенде 4 мың тонна тауарлы балық өсіру жоспарлануда. Аймақта табиғи-климаттық және географиялық жағдайларға сәйкес балық өнеркәсібін кеңейту бойынша мастер-жоспар жобасы әзірленді, деп хабарлайды zakon.kz. Қазір облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасымен су қоймалары мен кәсіпорындардың әлеуетін зерттеу мақсатында арнайы жұмыс тобы аудандарға шықты. Былтыр өңірде 260 тонна форель мен 12 тонна бекіре өсірілді. Биыл 300 тоннаға жуық форель және 20 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық өсіріледі.

***

Қостанай облысы Сот орындаушылары өңірлік палатасы алимент төлемей жүргендермен күресті күшейтті. Сот орындаушылары жыл соңына дейін берешек сомасын барынша азайтуды көздеп отыр. Өйткені алимент төлемегендердің қарызы 93 млн теңгеге жеткен. Жыл басынан бері тек облыс орталығында алимент төлемеген 13 әкенің автокөлігі тәркіленіп, сатудан түскен ақша балаларына берілген.

***

Маңғыстау облысында екі ПТР-зертхана ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева қазанның 25-де Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауылында ПТР-зертханалар ашылатынын айтты. Ғимаратқа КТ, УЗИ, рентген аппараттары қойылған. «Қазіргі уақытта облыста осындай 5 зертхана бар. Бірі мемлекеттік, қалғаны жеке меншікте. Бұдан өзге, биыл жыл соңына дейін 100 орындық қалалық көпбейінді аурухана ашылады. Коронавирустың келесі толқынын еңсеруге 2700 медициналық қызметкер дайындықтан өткен.

***

«Нұр-Сұлтан – Қарағанды» трассасында бетонды бөгеттер не үшін қойылып жатыр? Әлеуметтік желіде халықты дүрліктірген видеоға қатысты Қарағанды облысының әкімдігі түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Халық бұл блоктар Қарағанды облысында қайтадан қатаң карантиндік шектеулер болатынын айтуда. Алайда, облыс әкімдігі бұл қауесетті жоққа шығарды. 19 қазаннан бастап өңір бойынша санитарлық бекеттер жұмыс істей бастады. Олардың жалпы саны – сегіз. Аталған бекеттерде дәрігерлер мен полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Тексеру барысында дене қызуы өлшенеді. Бұл – блокпосттар емес», – деп түсіндірді Қарағанды облысының әкімдігі. Еске салсақ, санитарлық бекеттер Жезқазған, Приозерск, Ұлытау, Нұра, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Осакаров аудандарында орнатылды.

***

Қырғызстанда мемлекеттің Қытайға қарызын өтеу үшін халық ақша жинау туралы ұсыныс айтты. Бұл туралы Жогорку Кенеш депутаты, «Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Айнұр Алтыбаева хабарлады, деп жазды орталық азия сайты. «Бірлестік ақша жинамайды. Біз осы процестің басталуын ғана ұйымдастырамыз. Дайындық жүріп жатыр, мемлекеттік банктен есеп ашуға келісіп қойдық. Төлемдер сайтта көрсетіледі, бәрі әділ өтеді», – деді Алтыбаева. Қыркүйекте Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Қырғызстанда ресми сапармен болды. Қырғызстанның сол кездегі президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесуде Пекинге берешекті төлеу мерзімін созу мәселесі талқыланған. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, Қырғызстан сыртқа 4 млрд 169 млн 600 мың доллар қарыз.

***

Атырауда археологтар Қасым ханның жерленген жерін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бір кездері Алтын Орда, Ноғай Ордасы, содан кейін Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қалашығынан бірегей қабір табылды. Тарихи деректерге сүйенген археологтар бұл қабірде қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Қасым ханның жерленген жері болуы мүмкін деп болжап отыр. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Қасым ханның қабірін көру үшін тарихи орынға барды. Тарихшылардың айтуынша, Жәңгір хан Бөкейханұлы мұнда 1840 жылдары келіп, сол кезде «хан бейіті» деген жерге белгі қойған. Бірақ, кейіннен бұл белгі жоғалып кеткен. Ал өткен жылы атыраулық ғалымдар Ресей мұрағаттарынан Сарайшықтың ескі сызбаларын тапты. Сол сызбада хан қабірі айқын көрінеді. Археологтардың пікірінше, бұл мәліметтер қазір табылған қабірдің құрылымымен сәйкес келеді.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 26