Іздеу

Қорытынды жаңалықтар 11.11.2020

 

Елдегі саяси және қоғамдық күштер халық бірлігін нығайту жөнінде меморандум қабылдағаны дұрыс. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты. «Ол меморандумды дайындауымыз керек. Ассамблея осы бастаманы қолға алса, дұрыс болар еді. Бірлік, келісім, теңдік – біздің негізгі принциптеріміз. Оларды қорғауға барлығымыз күш салуымыз керек. Ассамблеяны жалпыазаматтық және жалпыұлттық институт ретінде дамыта беруіміз керек», – деді ҚР Тұңғыш Президенті. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның орталық аппаратының, өңірлік құрылымдардың және этномәдени бірлестіктердің тиімділігін арттыру қажетекендігін айтты.

***

Қазақстанда 5127 жеке күзет ұйымы бар. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасында күзет қызметтерін көрсету сапасын арттыруға, азаматтардың мүліктік және жеке құқықтарын қорғауды жетілдіруге әрі осы саладағы қолданыстағы заңнама нормаларының жекелеген сәйкессіздіктерін жоюға бағытталған бірқатар түзетулер көзделеді. Елімізде күзету және қаруды алып жүру құқына лицензиясы бар білікті күзетшілердің саны 97 116 адамға жетті. Былтыр жеке күзет күштері тарапынан 605 қылмыстық құқықбұзушылық, 11 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.

***

Елорадада Astana Media Week 2020 медиа апталығы басталды. Қарашаның 13-не дейін жалғасатын шара отандық медиасаланы дамыту мен индустриядағы іскерлік қарым-қатынасты аймақтық және халықаралық деңгейде ілгерілету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Шара сессиясында айтылғандай «Абай», «Әл-Фараби» сериалдары Тәуелсіздік күнінде ұлттық арна эфиріне шығады. Бұл туралы «Astana Media Week 2020» барысында «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай айтты.

***

«Пандемияның талаптарына тез бейімделіп, жаңа контент, жаңа технологиялық мүмкіндіктерді қосып, аудитория үшін күресуге мәжбүрміз. Ал ондай күрес тез өзгеруді талап етеді. Бұл пікірді Astana Media Week 2020 шарасының «Мультиплатформалылық» пленарлық сессиясында «БілімМедиаГрупп» негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы білдірді.

***

Қарашаның 2-8 күндері аралығында елімізде коронавирус инфекциясынан 42 адам көз жұмды. Ең көп адам өлімі Алматы қаласында тіркелді. Бір апта ішінде өңірде індеттен 12 адам көз жұмды. ШҚО-да – 10, Батыс Қазақстан облысы – 7, Атырауда 5 адам қайтыс болды. Қазақстанда барлығы 1899 адам көз жұмды. Бұл туралы www.coronavirus2020.kz сайтында жазылған.

***

СҚО-да карантиндік бекеттер цифрландырылады. Қазір Петропавлдың кіреберіс жолдарына 15 ақылды камера орнатылып жатыр. Енді қалаға келетін жүргізушілер рұқсат қағаздарын электронды базаға алдын ала жібере алады. Ал бақылау жүйесі мемлекеттік нөмірді бірден танып, өтуге рұқсат береді. Бұл полицейлердің де, адамдардың да уақытын үнемдеп, көлік кептелісін алдын алады. Блокбекеттерге сонымен қатар дене қызуын өлшейтін тың құрылғылар қойылады.

***

Осы жылдың қаңтар-қазан айлар аралығында 386 мыңнан астам көпбалалы отбасыға мемлекеттік жәрдемақы берілді. Оның жалпы сомасы – 191,6 млрд теңге . «Қазан айында осы жәрдемақы түрін 388 мың отбасы алды. Аталған мемлекеттік жәрдемақыны 4 және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан ала алады- делінген Еңбек министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінде.

***

Бүгін футболдан Қазақстан мен Черногория құрамалары жолдастық кездесу өткізеді. Құрамалар Черногория астанасында кездеседі. Ойын елорда уақытымен сағат 23.00-де басталады. Оны , Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы енді Ұлттар лигасында екі ойын өткізеді. Алдымен 15 –сі күні сырт алаңда Албаниямен шеберлік байқасса, 18 қарашада өз алаңында Литваны қабылдайды.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Apple PodcastsRSSCastBoxGoogle PodcastsSpotifyWe.fo

Осы подкасттан көбірек

№ 90