Іздеу

Қазақстанда тәулігіне 67 мыңнан астам ПТР тестілеу жүргізіледі

 

Қазақстанда тәулігіне 67 мыңнан астам ПТР тестілеу жүргізіледі. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин депутаттық сауалға берген жауабында осылай деді. Жұқпалы ауруханаларда 10 150 төсек-орын ашылды, оның 22%-ында науқастар жатыр. Жаңадан салынып жатқан модульдік инфекциялық ауруханаларда қосымша 3 355 төсек-орын, оның ішінде 360 реанимациялық орын және басқа стационарларда 38 218 орын қайта бейінделетін болады. Осылайша, инфекциялық төсектер саны 51 723-ке, реанимациялық орындар саны 5 276-ға дейін артады», – деді Асқар Мамин. Премьердің айтуынша, инфекциялық стационарлар үшін 91 атаудан тұратын дәрілік заттар қоры құрылды, Бірыңғай дистрибьютор қоймаларында 8,2 млрд теңгеге 60 мың адамды емдеуге жететін ең қажетті дәрілік заттардың екі айлық қоры құрылып жатыр. «Коронавирус инфекциясын үй жағдайында емдеу үшін 1,5 млрд теңгеге түрлі дәрі-дәрмек сатып алынды. Барлық өңірлерде сұранысқа ие дәрілік заттарды сатып алу үшін 17,7 млрд теңгеге тұрақтандыру қорлары ұйымдастырылды», – деді Премьер-Министр.

***

Солтүстік Қазақстан облысында медициналық қызметкерлер арасында СOVID-19 жұқтырғандардың көбеюіне байланысты екі аудандық аурухананың бас дәрігерлері қызметінен босатылды. Аймақтық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, орнынан алынғандардың бірі – Мамлют аудандық ауруханасының бас дәрігері. Бұл емдеу мекемесінде екі апта ішінде 9 медицина өкілі вирус жұқтырған. Дәл осындай жағдай Ақжар аудандық ауруханасында да тіркеліп, бас дәрігері қызметінен алынды. Бұл емдеу мекемелерінде жеке қауіпсіздік бұйымдары жеткілікті және жұқтыруды болдырмау үшін талап етілген барлық жұмыс алгоритмдері бекітілген. Дегенмен басшылар тарапынан тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау болмағандықтан, медицина қызметкерлері арасында коронавирус жұқтыру жағдайлары тіркеліп отыр.

***

ШҚО арқылы өтетін бірқатар пойыз бағыттары қысқарды. Тиісті шешімді ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдады. Атап айтқанда, бүгіннен бастап «Павлодар-Алматы-2» бағытындағы пойыздың Дегелең, Семей, Жаңа-Семей, Шар, Жаңғызтөбе, Жарма, Үшбиік, Аягөз, Ақтоғай станцияларында жолаушыларды отырғызуға және түсіруге тыйым салынады. «Алматы-2-Өскемен-1» пойызы бұрынғыдай күн сайын емес, күн аралатып жүретін болады. Сонымен қатар «Нұр-Сұлтан Нұрлы Жол – Өскемен-1» пойызы күн сайын емес, аптасына бір рет қатынайды. «Шығыс Қазақстан облысының барлық станцияларынан түсетін жолаушыларда тапсырылғанына 3 күннен аспаған COVID-19 жұқтырмағандығын растайтын сынама нәтижесі болуы керек. Осыған дейін пойыз билетін сатып алғандар ақшаларын қайтара алады.

***

Елордада жыл соңына дейін бірнеше әлеуметтік тұрғын үй салынады. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов өзінің Inatagram парақшасында жазды. Мәселелен, Рыскелді қажы мешіті жанында орналасқан тұрғын үй жыл соңына дейін тапсырылады. Бұл жерден кезекте тұрған 530 адам пәтер алады. Сонымен қатар, Алматы ауданы мен Жағалауда салынып жатқан пәтерлердің жалпы саны 2 мыңнан асады. Олар кезекте тұрғандарға, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына, Шаңырақ «5-10-20» бағдарламасының қатысушыларына беріледі. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аудара отырып, құрылыс қарқынын арттыруды тапсырдым»,-деп жазды Нұр-Сұлтан әкімі.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 61