Іздеу

Қазақстан халықаралық банктерден 330 млрд теңге қарыз алады

Қазақстан қалаларға кәріздік-тазарту қондырғыларын салу үшін халықаралық банктерден шамамен 330 млрд теңге қарыз алады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты. «Елбасының тапсырмасына сәйкес, еліміздің 53 қаласында кәріздік-тазарту қондырғыларын салу және жаңғырту жобаларын іске асыруға дайындық жүргізіп жатырмыз. Халықаралық қаржы ұйымдарымен (Азия Даму Банкі, Еуропа қайта құру және Даму Банкі) шамамен 330 млрд теңге мөлшерінде бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша келісімге келдік», – деді ол Үкімет отырысында.

***

Министр атап өткендей, Балқаш, Жаңатас, Жезқазған, Сәтбаев, Степногорск қалаларында кәріздік-тазарту қондырғыларын салу мен реконструкциялау бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Сараптама оң қорытындысын берді. Бұл жобаларды шамамен 40 млрд теңге мөлшерінде Азия Даму Банкі қарызы есебінен іске асыру жоспарланған. Ал Ақтөбе, Аягөз, Қапшағай, Қарағанды, Пришахтинск, Риддер қалалары бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, сараптамаға жіберілген. Құны шамамен 90 млрд теңге болатын жобаларды Еуропалық қайта құру және Даму банкінің қаражаты есебінен іске асыру жоспарланып отыр.

***

Микроқаржы ұйымдарының қызметіне өзгерістер енгізілді. Енді микроқаржылық ұйым қарыз алушыға төлем мерзімі кешіктірілгені туралы борышы тіркелгеннен бастап, 15 күннен аспай хабарлауы тиіс. Өз кезегінде, клиент 30 күн ішінде қарызды төлеу үшін оларға өтініш беруге құқылы. Осыдан кейін микроқаржылық ұйым өтінішті қарайды және қабылданған шешім туралы жазбаша хабарлайды. Егер қарыз алушы өтініш бермесе немесе келісімге келмесе, микроқаржылық ұйым қарызды нотариустың атқарушылық жазбасы негізінде өндіріп ала алады. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьевтің айтуынша, көп жағдайда несие беруші клиентке берешекті сотқа дейін төлеп, жағдайды реттеуге мүмкіндік бермейді. Ал төлем уақыты кешіктірілсе, бірден мәжбүрлеп өндіріп алуға тырысады. Бұл саладағы әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкеледі.

***

Енді «Баспана хит» ипотекалық бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үйден баспана алуға болады. Бұрын құрылысы аяқталмаған үйлерден ипотека рәсімдеуге заңмен тыйым салынған еді. Бірақ бұл ережеге өзгерістер енгізілді. Енді Ұлттық банк «Баспана хит» бағдарламасының тұтынушыларына қазірден бастап жаңа шекті бағамен ипотека рәсімдеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы Қазақстанның орнықтылық қорының баспасөз қызметі хабарлады. Қаулы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жаңа тұрғын үйдің ең жоғарғы құны 25 млн теңгеден 35 млн теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Ал Шымкентте бастапқы және қайталама нарықтарда сатып алынатын тұрғын үйдің шекті құнын 25 млн теңгеге дейін, Қарағанды қаласында 20 млн теңгеге дейін өседі. Басқа аймақтар үшін баспана құнын 15 млн теңгеге дейін көтереді. Банктердің жаңа шартармен қашан өтініш қабылдайтыны әлі белгісіз. Жалпы «Баспана хит» бағдарламасы бойынша биыл 44 мыңнан астам өтінім мақұлданған, оның ішінде 35 мыңнан астамына қарыз берілген.

***

Елордада арнайы операция барысында есірткі сатушылар ұсталды. 27 жастағы күдіктінің көлігін тінту кезінде сіріңке қорабына салынған 500 грамнан астам гашиш тәркіленген. Есірткіні жеткізуші де құрықталды. Ол бұрын сотталған 34 жастағы Жамбыл облысының тумасы болып шықты. Оның пәтерінен оқ-дәрілері бар тіркелмеген травматикалық қару, 2 млн теңгеден астам қаражат және есірткінің ірі партиясы табылды. Жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде «қара базардағы» құны 9 млн теңге болатын 6 келіден астам гашиш заңсыз айналымнан алынды. Ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 46