Іздеу

ПТР анықтамасы жоқ мыңға жуық жолаушы жолынан қалды

 

ШҚО-да ПТР анықтамасы жоқ мыңға жуық жолаушы жолынан қалған. Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуасақ Байғабыловтың мәліметінше, бір аптаның ішінде шығыс өңірден ПТР тест анықтамасы жоқ 891 адам пойыз бен ұшаққа жіберілмеген. Тарқата айтқанда, Қазақстанның басқа аймақтарына ПТР-тест анықтамасы болмағандықтан Шығыс Қазақстаннан 104 адам әуежайдан қайтарылды. Ал тиісті қағазы бар 2960 жолаушы ұшаққа отырғызылды. Сонымен қатар анықтамасы жоқ 787 адам пойызға кіргізілмеді. 3941 адам басқа аймақтарға пойыз арқылы кетті», – дейді Сәдуақас Байғабылов. Естеріңізге салайын, Шығыс Қазақстанмен бірге бүгіннен бастап Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары да басқа өңірлерге шығу үшін ПТР тест анықтамасын алып жүруі тиіс.

***

Қарағанды облысында қосымша 122 жеңіл автокөлік және 60 реанимобиль сатып алынды. Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде өткен брифингте облыс әкімі Жеңіс Қасымбек осылай деді. Аймақта 288 мобильді емханалық бригада жұмыс істейді. Жедел жәрдемнің санитарлық автокөлік паркі жыл соңына дейін толығымен жаңартылады. Сонымен қатар, шалғай елді мекендерде жұмыс істеу үшін тоғыз жылжымалы медициналық кешен дайындалды. Осы жылдың көктемінен бастап стационарлардың төсек қоры 2 есеге ұлғайтылды. Жезқазғанда 200 орындық жаңа модульді госпиталь өз жұмысын бастады. Осы аптада Теміртауда 250 орындық инфекциялық стационар ашылуы тиіс. Шахтинск қаласында жұқпалы аурулар корпусын жөндеу аяқталуға жақын. Желтоқсан айында Абайда инфекциялық бөлімшені және Теміртауда провизорлық бөлімшені жөндеу аяқталады. Сонымен қатар, бүгін, Қарағанды медицина университетінің кәсіптік аурулар институтының ғимаратында 150 орындық инфекциялық-провизорлық госпиталь ашылды.

***

Бүгін Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты блокпосттар қойылды. Халық бұл бекеттер арқылы ПТР тестінің нәтижесімен ғана өте алады. Ал қалаға немесе Бескөлге келіп-кетіп жұмыс істейтіндерде қолдарында анықтама болулары керек. Сондай-ақ азық-түлік және тағы да басқа бірінші кезектегі тауарларды таситындарда осындай құжат болуы қажет. Ал жедел-жәрдем, өрт сөндіру секілді арнайы қызметтердің көлігі кедергісіз жүре алады.

***

Шығыс Қазақстан облысының екі ауданында қатты жел бірнеше ғимараттың шатырын ұшырып әкетті. Аймақтық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ұлан ауданы Асубұлақ ауылындағы жалпы аумағы 226 шаршы метрге жететін аурухана ғимаратының шатыры зақымданған. Зайсан қаласында желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетіп, соның салдарынан 1 тұрғын үйдің, 2 мектеп және тағы бір ғимараттың шатыры бүлінді. Тағы да естеріңізге сала кетейік, еліміздің 13 өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жарияланды. Қазақстанның басым бөлігінде қар жауып, жауын-шашынды болады. Салдарынан кей аймақтарда тұман түсіп, көктайғақ, бұрқасын болып, екпінді жел соғады. Әсіресе, ШҚО,Қарағанды және Маңғыстау өңірінде қатты жел тұрады.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 82