Іздеу

Петропавл қаласында электр энергиясын беру тарифі төмендеді

 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан полициясының алдында тұрған міндеттерді айқындап берді. «Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйлеген Президент қазіргідей күрделі кезеңде полиция мен күштік құрылымдардың жауапкершілігі едәуір артатынын айтты. Учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысына ерекше мән беріледі. Оларға мемлекет жан-жақты көмек көрсетеді. ІІМ-нің алдында тұрған басты міндет – азаматтармен өзара қарым-қатынасты қызмет көрсету моделіне көтеру, құрылымдық реформалар, тиімді кадрлық саясат, цифрлық технологияларды енгізу» деп атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, полиция, әсіресе, өңірлерде халықпен ашық диалог жүргізуі керек.

***

Алматылық «Қайрат» футбол клубының ардагері Евстафий Пехлеваниди «Достық» орденімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл жайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында жазды. «Алматылық «Қайраттың» аты аңызға айналған шабуылшысы, бүгінде 60 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Пехлеваниди екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Ол қазақстандық футболдың дамуына және көпшілікке танылуына, сонымен қатар Қазақстан мен Грекия арасында достық қарым-қатынастың қалыптасуына қомақты үлес қосты» деп жазды Мемлекет басшысы.

***

Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен және Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының қолдауымен Түркияның Республика күніне орай «Байрағы биік байтақ ел» атты шара өтті. Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Екижи, дипломатиялық миссия өкілдері, сонымен қатар Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының тәлімгерлері қатысты. Басқосуда Түркі академиясы әзірлеген Ататүрік туралы деректі фильм көрсетілді. Дәстүр бойынша мерекелік шаралар елдің бас қаласы Анкарадағы Ататүрік кесенесінде басталады. Бұл жердегі шараның алғашқы легі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өтіп, Ұлт азаттық күрестің барлық қаһармандарын құрметпен еске алады.

***

Петропавл қаласында электр энергиясын беру тарифі төмендеді. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті электр энергиясын беру қызметіне талдау жүргізді. Талдау қорытындысы бойынша, негізсіз табыс тапқан «Оңтүстік Орал темір жолы» федералдық мемлекеттік біртұтас кәсіпорнының «Петропавл бөлімшесі» еншілес кәсіпорны 1-ші желтоқсаннан бастап бір жылға тарифті төмендетеді. Сол арқылы азаматтардың артық төлеген ақшасы қайтарылады.

***

Жыл басынан бері браконьерлік фактісі бойынша 117 қылмыстық іс, 6066 әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап. «Бүгінгі таңда қоғам белсенділері мен экобелсенділердің қызу талқысында жүрген тақырыптың бірі – браконьерлік. Заңсыз аң аулап, табиғат пен мемлекетке зор шығын келтірушілерге қарсы күрес жыл он екі ай бойы үздіксіз жүргізілуде. Биыл да браконьерлікпен күресті жалғастыру үшін мемлекеттік бюджеттен 845 млн. теңге бөлінген. Сонымен бірге инспекторлар үшін 10 КамАЗ көлігі, 9 Toyota Land Cruiser автокөлігі, 2 Toyota Corolla автокөлігі сатып алынған.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 58