Іздеу

Пандемия — әлемдік қоғамдастық үшін қатаң сынақ

 

Коронавирус пандемиясы әлемдік қоғамдастық үшін қатаң сынақ болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция форматында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысында осылай деді. Қазақстан ортақ күш-жігердің «Бәрі де адам үшін» деген ізгі мақсатқа қол жеткізуге бағытталғанын аса маңызды санайды. Осы ретте «ұжымдық иммунитетіміздің» күшеюін пандемия мен басқа да жаһандық сын-қатерлерге қарсы қоюдың кепілі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының пікірінше, Шанхай ынтымақтастық ұйымы пандемияның теріс салдарын жою жөніндегі күш-жігерді үйлестіру тұрғысынан өз деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Өзара гуманитарлық көмек пен эпидемиолог мамандардың жіберілуі елдеріміздегі ахуалды тұрақтандыруға септігін тигізді. Қазақстан жаһандық проблема кезіндегі белсенді әрі жемісті ынтымақтастығы үшін тиісті мемлекеттерге, соның ішінде, Ресей мен Қытайға ризашылығын білдіреді, – деді Президент.

***

Алматыда сауда, ойын-сауық орталықтары жексенбі күндері де жұмыс істейтін болды. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты. Дегенмен, сауда орталықтарының жұмысы 1 сағатқа қысқарады. Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысына сәйкес, енді сауда, ойын-сауық орталықтары келушілер саны 30%-дан аспаса, 1 келушіге 4 шаршы метр аумақ қарастырылған жағдайда түнгі 22:00-ге дейін ашық болады. Осы орталықтарда жекелеген алаңдарда орналасқан қоғамдық тамақтану орындарына да жұмыс істеуге рұқсат берілді.

***

Қарағанды облысының көлік инспекциясының автопаркі екі жаңа машинамен толықты. Автокөлік сатып алуға облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Жылжымалы бекеттер жүк көп тасымалданатын бағыттардағы автожолдарда жұмыс жасайтын болады. Машиналар көліктік бақылау жүргізу үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Бекеттердің бірі Жезқазған өңірінде орналасса, екіншісі Қарағанды, Абай, Бұқар Жырау, Нұра, Осакаров, Шет және Қарқаралы аудандарының жолдарында жұмыс істейді.

***

Жамбыл облысында мониторинг топтарының жұмысы күшейтіледі. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нейля Муликованың мәліметінше, 10 қазан мен 6 қараша аралығында мамандар 9125 нысанды тексерген. Карантиндік режимнің 530 бұзылу дерегі анықталып, 17 млн теңгеден астам сомаға 163 хаттама толтырылған. Көптеген рейдтік тексерістерден нәтиже жоқ. Байзақ, Шу, Талас, Сарысу аудандары мен Тараз қаласында бұл жұмысты жандандыру қажет,-деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.

***

ШҚО-да карантин 25 қарашаға дейін ұзартылды. Аймақтық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Гүлайым Тағаеваның қаулысына сәйкес, облыс аумағының периметрі бойынша, сондай-ақ Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалаларының және аудандардың аумағы бойынша шектеу шараларының қолданылу шекараларын сақтау қажет. Өскемен, Семей қалаларында қоғамдық тәртіпті қорғау мен бақылауды жүзеге асыруға 40 учаскелік полиция пункті тартылады. Халық арасында салтанатты жиын, отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шаралардың өткізілмеуіне бақылау күшейтіледі. Әкімдер 65 жастан асқан адамдарға және халықтың әлеуметтік қорғалатын топтарына бірінші кезекте қажетті тауарларды, азық-түлік пен дәрілік заттарды жеткізумен айналысатын волонтерлердің жұмысын жандандыру керек. Үйлердің кіреберістерінде, лифтілерде, паркингтерде, балалар алаңдарында, қоғамдық көлікте, жабық және жылы аялдамаларда, әуежайлар, теміржол және автовокзалдарда дезинфекциялық және санитарлық өңдеу қарқынды түрде жүргізілу қажет.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 85