Іздеу

Нұр-Сұлтан қаласында карантин күшейтілді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана ақшамы» және «Вечерняя астана» газеттерінің ұжымын басылымның 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. «Басылымдар осы жылдар ішінде өсу-өркендеу кезеңдерінен өтті. Елордалық газеттер қаланың тыныс-тіршілігін ғана емес, жалпы халықтың жағдайын, елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуын, мәдениет пен руханиятты өндіртіп жазып, қалың оқырманның ықыласына бөленіп жүр. Сіздердің жазған әрбір мақалаларыңыз, көтерген мәселелеріңіз халықтың мұң мен мұқтажын, ойы мен пікірін, талабы мен тілегін қаузап, қоғам дамуына елеулі үлес қосып келеді. Мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпірдей сіздердің еңбектеріңізді жақсы білемін және жоғары бағалаймын. Ұжымдарыңызға шығармашылық табыс, әр қызметкердің отбасына бақ-береке тілеймін!», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

***

Бауырлас Қырғыз еліндегі жағдайдың біртіндеп конституциялық жолға қайтқаны қуантады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де жазды. «Президент Сооронбай Жээнбеков – мемлекеттің легитимді басшысы. Сондықтан оның қақтығыстарды тоқтатып, елдегі ахуалды қалыпқа келтіруге бағытталған әрекеттерін қолдаймын. Қазақстан үшін Қырғыз еліндегі тұрақтылық стратегиялық серіктес әрі одақтас ретінде маңызды. Біз барлық саяси күштерді қақтығыстардың алғашқы сәтінен ақ сабырға шақырдық», – деді Мемлекет басшысы.

***

Елде коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша жағдай күрделеніп барады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті. «Біз тағы да босаңсып кеттік. Коронавирус бойынша сандар көңіл қуантпайды. Көршілес Ресейдегі жағдай біздің елдегі маусым-шілде айларындағы ахуалға ұқсас.», – деді ол. Айта кетейік, Елімізде ауруды 108 901 адам жұқтырған. оның 104 203-і жазылып шықты. 1768 науқас қайтыс болды.

***

Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан қаласында карантин күшейтілді. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты. Коронавирус індетін жұқтыру қаупінің жоғарылауы мен науқастар санының көбейуіне байланысты қалалық штаб отырысында бірқатар қосымша шектеулер қабылданды. Жергілікті атқарушы орган қызметкерлері мен олардың квазимемлекеттік секторының кемінде 60% қашықтан жұмыс режиміне ауысады. Кафе , мейрамхана, асхана және басқа да қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс уақыты сағат 22.00-де аяқталады. Азық-түлік емес тауарлар мен заттарды сататын дүңгіршектерге сағат 18.00-ге дейін жұмыс жасауға рұқсат етіледі. Демалыс күндері – жабық болады. Моншалар, бассейнмен қамтылған сауналардың жұмыс кестесіне өзгерістер енгізіледі. Жексенбіде қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады.

***

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасына сыйлық беруге тыйым салу нормасын түсіндірді. Мемлекет басшысы қол қойған Заңда мемлекеттік қызметшілерге және олардың отбасы мүшелеріне сыйлық беруге тыйым салу нормасы қатаңдатылған. Бұған дейін Заңда мемлекеттік қызметшілерге 10 АЕК-тен асатын сыйлық алуға тыйым салынған болса, қазір сыйлық құнының мөлшері маңызды емес. Мемлекеттік қызметшіге және оның отбасы мүшелеріне келіп түскен барлық сыйлықтар, тіпті олардың хабарынсыз келген сыйлықтар да жеті күн ішінде мемлекеттік мүлікті басқарушы органға берілуі тиіс делінген ақпаратта.

Осы подкасттан көбірек

№ 15