Іздеу

Карантинге қарамастан жиындар тыйылмай тұр

 

Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін Мәжіліс сайлауына қатысатын партиялар тізімін бекітті. Ол 6 саяси партиядан тұрады. Бұл «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы», «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» және «Nur Otan» партиясы. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, осы партияларды қайта құруға немесе таратуға уәкілетті органдар тарапынан құқықтық негіздер жоқ. Сондықтан сайлауға осы тіркелген саяси партияның барлығы жіберіледі. Сонымен қатар комиссия отырысында партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттардың депутаттарын сайлауға жіберу туралы қаулы қабылданды.

***

Жамбыл облысында карантин шаралары жеңілдетіліп, театрлар мен мешіттердің жұмысына рұқсат етілді. Сонымен қатар екінші тоқсаннан бастап, қалалық және ауылдық аймақтағы 300 оқушыға дейінгі мектептер дәстүрлі оқу форматына көшіріледі. Алайда сыныптардағы балалардың саны 15-тен аспайды. Жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сыныптар, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін кезекші кластарда оқытуға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық, маскалық, әлеуметтік қашықтық режимін сақтай отырып театрлар мен мешіттердің жұмыс істеуіне болады.

***

Ал, Қостанай облысында 2 апталық қатаң карантин шаралары енгізіледі. 9-қарашадан бастап, Қостанай қаласының периметрі бойынша блокпосттар орната отырып, Мемлекеттік шекара арқылы автоөтпе жолдар ауданында шектеу күшейтіледі. КВИ-мен сырқаттанушылықтың күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарялық блокпосттар қойылады. Жүк көлігі, әуе рейстерімен келетін жолаушыларда ПТР-анықтамасы болуы міндетті. Аймақ арқылы өтетін темір жол тасымалдарының көлемі қысқарады. Қостанай облысы елді мекендерінің аумағы бойынша тұрғындардың жүріп-тұруы сағат 21:00-ден 06:00-ге дейін шектеліп, демалыс және мереке күндері қалааралық қоғамдық көлік қозғалысы тоқтайды.

***

Елордада карантиндік шектеулерге қарамастан мерекелік жиындар тыйылмай тұр. Жалпы талаптарды бұзу жөнінен түнгі клубтар, мейрамханалар мен дәмханалар көш бастап тұр. Бұл нысандарда бірнеше айда 796 дерек тіркелген. Ал дүкендерде, сауда орталықтары мен базарларда тәртіп 474 рет бұзылған. Мұнан бөлек сұлулық салондарында, саябақтар, демалыс орындарында санитарлық шаралар толық сақталмайды. Яғни бұл объектілер тыйым салынған уақытта жұмыс істеп, рұқсат етілгеннен көп адам қабылдаған. Ал 25 кәсіпкерлік субьекті карантинді тұрақты бұзып келген. Осы уақытқа дейін тәртіпке бағынбаған 836 тұлғаға 15 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салынған.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 75