Іздеу

Елордада коронавирус жұқтырғандар арасында әйел адамдардың саны артуда

 

Оптикалық каналдары жоқ тұрғын үй кешендерін пайдалануға беруге тыйым салынады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті. «Біз интернеттің сапасына қойылатын талаптарды және көрсетілетін қызметтердің сапасына бақылауды күшейтетін боламыз. Радиожиілікті бөлу стандарттары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл бізге латифундизммен күресуге көмектеседі. Сондай-ақ оптикалық каналдары жоқ тұрғын үй кешендерін пайдалануға беруге тыйым салынады. Бұл жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келістік», – деді ол. Министр сонымен қатар салалық заңнама талаптарын бұзғандарға айыппұл сомасы ұлғайтылатынын да айта кетті.

***

Бүгіннен бастап Алматы облысында жаңа карантиндік шектеу шаралары күшіне енді, деп хабарлайды «Хабар 24». Қаулы бойынша аймақтағы кинотеатрлар, көңіл көтеру орындары, аттракциондар мен бассейндер қызметін тоқтатты. Көлік жуатын және жөндейтін нысандар кешкі 18:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Жаттығу залдары, ойын-сауық орталықтары 30%, моншалар 50% толтырылым негізінде қызмет көрсетеді. Ал, сенбі мен жексенбі күндері киім-кешек, тұрмыстық заттар сатылатын үлкен сауда үйлері және тамақтану орындары толықтай жабылады. Мейрамханалар дайын асты жеткізіп берумен ғана шектелмек. Шектеулер өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауынан енгізіліп отыр. Коронавирус жұқтырғандар саны өткен аймен салыстырғанда екі есеге өсіп, 138-ге жеткен. Науқастардың көбі Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандары мен Текелі, Талдықорған қаласында тіркелген. Қазір өңірде 300-ден аса адам осы індеттен емделуде, олардың 120-сы облыс орталығында. Науқастардың бір бөлігі жаңадан салынған инфекциялық ауруханаға көшіріле бастады. «Жалпы індеттің екінші кезеңіне дайындық жұмыстары аясында өңірде тиісті қондырғылар сатып алынды дейді», – сала жетекшісі.

***

Елордада коронавирус жұқтырғандар арасында әйел адамдардың саны артып, 53%-ті құрады. Бұл туралы бүгін қала әкімдігі өкілдері онлайн брифинг барысында хабарлады. Күн сайын ауру белгілері бар 30 шақты адам анықталып жатыр. Алайда халық арасында сырқаттанып қалғанын жасырып жүргендер де көбейді. Салдарынан дәрігерлер уақытылы жәрдем көрсете алмай жатыр. Ауырғандар қатарында мектеп оқушылары да аз емес. Зертханалық талдау нәтижесінде 18 бала коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Айта кетейік, олардың 15-і қашықтан білім алып жүр. Жалпы оқу жылы басталғалы 30 оқушы ауырып қалды. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауынан қалада карантин режимін жеңілдету әзірге болмайды.

***

Оңтүстік Корея Республикасының Жоғарғы Соты бейсенбіде бұрынғы президент Ли Мен Бакқа қатысты төменгі сот шешімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды zakon.kz. 2020 жылдың ақпанында апелляциялық сот бұрынғы мемлекет басшысын 17 жылға бас бостандығынан айырып, 13 миллиард вон (11 миллион доллар) айыппұл төлеуге және 5,7 миллиард вон (5 миллион доллар) төлемін төлеуге үкім шығарған. 2008-2013 жылдар аралығында президент болған 78 жастағы Ли Мен Бак 2018 жылдың сәуірінде 16 бап бойынша айыпталды, оның ішінде Ұлттық барлау қызметі мен Samsung Electronics-тен пара алу, сондай-ақ корпоративті салықтан жалтару және DAS компаниясының ақшасын жымқыру фактілері бар. Ли Мен Бак ақпан айынан бастап үй қамақта отыр. Жоғарғы Соттың шешімі бойынша енді ол түрмеге жабылады.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 56