Іздеу

Елімізде коронавирустан 5 608 адам емделіп жатыр

 

Қазіргі уақытта елімізде коронавирус инфекциясынан 5 608 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 340 бала бар. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, стационарларда 2 646 науқас болса, 2 962 адам амбулаторияда емделіп жүр. Жалпы науқастардың арасында 155 адамның жағдайы ауыр. Соның ішінде 22 пациенттің жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр. 25 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

***

Өткен тәулікте коронавирус белгілері бар пневмонияның 231 жағдайы тіркелді. Ал, 51 адам емделіп шықты. 1 тамыздан бергі статистика бойынша, 38 721 адам осы ауруға шалдыққан. Оның ішінде 406 науқас қайтыс болып, 29 014 адам жазылып шықты.

***

Оралда қосымша шектеу шарасы енгізілді. Қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы ертеңнен бастап күшіне енеді. Қаулыға сәйкес жедел жәрдем, авариялық қызметтер және басқа арнайы органдарды, сондай-ақ түнгі ауысымда жұмыс жасайтын адамдарды қоспағанда, сағат 23.00-ден бастап 06.00-ге дейін автокөліктің жүруіне шектеу қойылады. Жеке және заңды тұлғалар басқа да дәлелді себептермен жүру қажет болған жағдайда www.STOPCOVID.KZ сайтында тіркелуі қажет немесе 109 телефон нөміріне өтініш хабарлама қалдыруы тиіс.

***

Түркістан облысының шалғай ауылдары 12 жылжымалы медициналық кешенмен, жедел жәрдем станциясының паркі 13 реанимобильмен толықты. Көшпелі аурухана аудан орталығынан 100-200 шақырым жердегі ауылдарға барып, тұрғындарға қызмет көрсетпек. Отандық өндірістерде жабдықталған кешендер Үкімет резервінің есібінен алынған. Осылайша аудандарға қарасты 167 ауылдың тұрғындарына медициналық және скринингтік тексерулер мен басқа да көмектер көрсетілетін болады. Сондай-ақ, коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындық аясында облыстық жедел жәрдем станциясына 13 реанимобиль жеткізілді.

***

8 қараша – жексенбі күні Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлік жүрмейді, Бұл жайында City Transportation Systems компаниясы мәлімет таратты. «Дезинфекциялық жұмыстардың жүргізілуіне байланысты қоғамдық көлік бір күнге тоқтайды. Дүйсенбі күні, 9 қарашада автобустар қайтадан қатынайды. Қала тұрғындарын санитарлық нормаларды сақтауға шақырамыз» деп жазды компания Instagram парақшасында. Автобусқа маскасыз кіруге тыйым салынады. Жол ақысы қолма-қол ақшасыз, SMS көмегімен және мобильді қосымшалар арқылы төленеді.

***

Коронавируспен ауырған кезде пайдалануға тыйым салынған өнімдер белгілі болды. Бұл ретте тұзды тағамдарды шектеу маңызды. Себебі, ол қанды қоюлатады. Ресейдегі танымал терапевт, кардиолог, диетолог Филипп Кузьменконың айтуынша, денедегі су-тұз тепе-теңдігін сақтау коронавируспен ауыратын науқастарды емдеудің міндетті бөлігі саналады. Дәрігерлер мұны ауруханаларда бақылайды, бірақ үйде емделу кезінде науқастар не ішіп-жеу керектігін біле бермейді. Бұл орайда су-тұз балансын сақтау міндетті. Тұзды тағамнан аулақ болып, оның орнына көбірек су ішу қажет. Сондай – ақ, алкогольді тұтынуды шектеу керек», – деді дәрігер.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 77