Іздеу

Елімізде діни «Халық арна» телеарнасы ашылады

 

ІІ тоқсанда контингенті 300 оқушыға дейінгі қалалық және ауылдық мектептер дәстүрлі оқыту форматына көшіріледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың Сенат депутаттары сауалына берген жауабында айтылған. Үкімет басшысы орынбасарының дерегінше, осы жылғы 25 қазанда елімізде оқушылар арасында COVID-19 ауруының 298 жағдайы тіркелген. Оның 127-сі офлайн режимде және 171-і қашықтан оқыған.

***

Келесі жылы «Әліппе» енгізіледі. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, қазір оқулықтар әзірлеу жұмыстары басталған. «Бұл жұмыстың соңы ретінде 2021 жылдың қаңтар айынан бастап оқулықтар апробацияға енгізілетін болады. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі апробация өткізетін пилоттық мектептердің тізбесін бекітті», – деді вице-министр Орталық коммуникацияар қызметінде. Оның сөзіне қарағанда, осы бекіткен тізбеге байланысты барлық мектепте «Әліппе» бағдарламасы зерделенеді. «Одан кейін оқулық даярлаудың барлық кезеңдеріне байланысты толық талдау жасау жұмысы жүрігізіледі. Сараптамадан өткен оқулықтар жаңа оқу жылында енгізіледі. Жалпы, «Әліппені» енгізу 2021-2022 жылға жоспарланған», – деді Шолпан Каринова. Оның айтуынша, «Әліппе» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады.

***

Елімізде діни бағытта «Халық арна» телеарнасы ашылады. ҚМДБ-ның тұңғыш төл арнасы ұйымның 30 жылдығына орай көрерменімен қауышады. Қазіргі таңда арнаға қажетті контентті жинақтау жұмысы аяқталған. Діни бағыттағы бағдарламалар, сұхбаттар, сюжеттер мен бейне-роликтердің басым бөлігі ҚМДБ-ның бас кеңсесінде түсіріледі. Арнаны «Отау тв» мен «Алма тв» кабельдік желілерінен көруге болады. Ертең өтетін телеарнаның ашылуына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, елге белгілі қоғам қайраткерлері қатысады.

***

Түркіменстанда дресс-код ережесін сақтамаған ұстаздар жұмыстан қуылады. Осыдан бірнеше күн бұрын Түрікменабад қаласында әкімдік қызметкері мұғалімдерге жиналыс кезінде шашты ашық түске боямау, алтын әшекей тақпау және денеге жабысып тұратын киім кимеу керектігі туралы айтқан. Мұғалімдер шашын орамалдың астына жасыруы керек. Бұл туралы әйелдерге білім, мәдениет, денсаулық сақтау және спорт жөніндегі министр Гүлнара Джумаева мәлімдеген. Шенеуніктің айтуынша, мұғалімдер өз сырт келбетімен қоса, айналасындағы әйелдерге де ескерту жасап жүруді ұмытпауы керек.

***

АҚШ-тағы президенттік сайлау 3 қараша күні өтеді. Пандемияның салдарынан әбігерге түскен америкалықтар биылғы сайлауда ерекше белсенділік танытып отыр. Мәселен, өткен сайлауда бас аяғы 136 млн дауыс жиналса, «биылғы додада бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болады», – дейді мамандар. Бүгінге дейін тіркелген дауыс берушілердің жартысына жуығы өз таңдауларын жасап үлгерген. Бұл – шамамен 92 млн америкалық. Оның 60 млн-нан астамы дауыстарын пошта арқылы жасағандар екен. Сауалнамаларға келер болсақ, New York Times ақпараты бойынша Джо Байден Дональд Трамптан айтарлықтай алда келеді. Және жалпы халықтық сауалнамада да Джо Байден алға шығып отыр. Ол 52% жинаса, Трамптың үлесі 41%.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 63