Іздеу

Екінші тоқсаннан бастап 300-ге дейін оқушысы бар мектептер дәстүрлі форматқа ауысады

Премьер-Министр Асқар Мамин Түркия Республикасының қорғаныс министрі Хулуси Акарды қабылдады. Кездесуде елдердің әскери білім беру және қорғаныс-өнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастығы мен перспективалық жоспарлар талқыланды. Қазір Қазақстан мен Түркия қорғаныс министрліктері әскери тариф және мәліметтер алмасу салалары бойынша екі хаттама әзірлеп жатыр. Қос тарап көп жоспарлы стратегиялық қатынастарды нығайтуға мүдделі. Осы уақытқа дейін орнаған тығыз қарым-қатынас онан сайын нығая түспек. Екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға барған сапарында әскери ынтымақтастық жөніндегі келісім және құпия мәліметтерді сақтау жөніндегі келісімге қол қойған болатын. Соның негізінде бірлескен оқу-жаттығу, бірлескен әскери және жауынгерлік дайындық және әскери білім беру мәселелері шешімін тапты. Ал енді қос ел құқықтық базаны нығайту мақсатында хаттамалар дайындап жатыр. Осыған орай индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тараптар арасында нақты келіссөздер жүргізетін болады.

***

Екінші тоқсаннан бастап 300-ге дейін оқушысы бар мектептер дәстүрлі форматқа ауысады. Бұл туралы Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның селекторлық отырысында белгілі болды. «Мектептегі оқыту бойынша – екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300 балаға дейін болатын қала және ауыл мектептерінің жұмысын дәстүрлі форматқа көшіру; – ата-аналардың өтініші бойынша 1 сыныптан 5 сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етілсін», делінген хабарламада. Бұл жағдайда санитарлық-дезинфекциялық режимді, маска режимін, шахмат ретімен отырғызу және әлеуметтік ара қашықтықты сақтау міндетті.

***

Өткен жарты жылда елімізде электронды сауда көлемі екі есе артқан. Яғни былтырмен салыстырғанда қазақстандықтар тауарларға интернет арқылы екі есе көп тапсырыс берген. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты. Оның атап өтуінше, 50 қазақстандық компания «Алибаба» алаңына шыққан көрінеді. Тағы 50 компания жыл соңына дейін аталған платофрмада жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек министр Ұлттық тауар өткізу жүйесі жайлы да айтып берді. Тауар бағасын сауда нысандарын көбейту арқылы арзандатуды көздейтін жүйені жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр деді Бақыт Сұлтанов. Әзірге мұндай 24 нысан салу жоспарланған.

***

Түркия президенті Реджеп Ердоған Франция басшысын мұсылмандарға деген көзқарасы үшін сынға алды. Бұған дейін Эммануэль Макрон Францияның зайырлы құндылықтарын радикалды исламнан қорғау керек деп мәлімдеген. Аталған пікірге Париж маңында болған мектеп оқытушысының өлімі себеп. Айта кетсек, қазанның 16-сында 18 жастағы шешен ұлтының өкілі сабақ барысында Мұхаммед Пайғамбардың карикатурасын қолданған ұстазды өлтірді. Оқиғадан кейін Макрон қайтыс болған мұғалімді жақтап, исламшылдар елге қауіп төндіріп тұр деп мәлімдеген еді. Ердоғанның ашуына тигені де осы. «Францияға жауапты адам жолынан тайды. Макронға психикасын тексерту керек. Діни сенім бостандығын түсінбейтін адам туралы басқа не айтуға болады?» – деді Түркия Президенті. Франция билігі бұл сөздерді тіл тигізу деп бағалап, Түркиядағы елшісін елге шақыртып алды. Дегенмен Макронның мәлімдемесіне әлем елдерінің мұсылмандары наразылық білдіріп жатыр. Пәкістан премьер-министрі Имран Хан Макронды «исламға шабуылдады» деп айыптады. Бангалдеште халық шеруге шықса, Йорданияда француз өнімдеріне бойкот жарияланды.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 45