Іздеу

Бокстан ел чемпионаты Шымкентте өтеді

 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ретінде жариялады. «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында 2021 жылды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы деп жариялау туралы шешімімді айттым. Бұл өткен жолымызды зерделеуге жақсы мүмкіндік. Мерейтой саяси-экономикалық реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқығын қорғау, экология мәселесін шешу аясында өтеді», деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-де.

***

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Инмен телефон арқылы сөйлесті. Мемлекеттер басшылары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жағдайы мен оны нығайтудың перспективаларын талқылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия салдарына қарамастан тауар айналымының жоғары қарқынына көңілі толатынын білдірді.

***

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен бейне конференция байланысы режимінде Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда «Квазимемлекеттік сектордың ірі инфрақұрылымдық компанияларының мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігі туралы» мәселе қаралды. Аталған мәселелермен қатар, қаржы тәртібіндегі анықталған заң бұзушылықтарға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсыныстарды іске асыруға мән бере отырып, Есеп комитеті жүргізген аудиторлық тексерулердің нәтижелері талқыланды.

***

Елорда әкімі Алтай Көлгінов тұрғындарды карантин шаралары мен санитария нормаларын қатаң сақтауға шақырды. Бұл туралы ол Instagram-парақшасында жазды. «Қазір COVID-19 індетінің алғашқы толқыны кезіндегідей ауруды ушықтырып алмау аса маңызды. Қазір біз кейбір кафе, мейрамхана мен басқа да нысандардың карантинді бұзып, коронавирустың бейберекет таралуына жағдай жасап жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты біз рейдтер өткізуді күшейттік. Біздің дәрігерлер тәжірибе жинады, медициналық мекемелер де дайын. Біздің міндетіміз – дәрігерлерге жүктемені одан әрі көбейтпеу, жақындарымыз бен туыстарымызға ауруды жұқтырмау.», – деп жазды Алтай Көлгінов.

***

Биылғы Бокстан ел чемпионаты қараша айында Шымкентте өтеді. Бқл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. « Ерлер мен әйелдер бір уақытта қатысатын чемпионат 23-29 қараша аралығында өтеді. Шымкентте республикалық жарыстарды ұйымдастыра алатындай мол тәжірибе бар. Біз чемпионаттың ойдағыдай өтетініне сенімдіміз», – деді ҚБФ президенті Кеңес Рақышев.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 38