Іздеу

Беларус шетелдіктерге шекарасын жапты

Есептік тіркеусіз азаматтарға қарыз берген субъектілер мәжбүрлеп таратылады. Бұл жайында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың Мәжіліс депуттарының сауалына берген жауабында айтылған. «2020 жылғы 1 қыркүйекте халыққа қарыз беретін барлық заңды тұлғалар – онлайн кредиттеу компаниялары, ломбардтар және кредиттік серіктестіктерді есептік тіркеудің шекті мерзімі аяқталды. 1 079 ұйым, оның ішінде 650 ломбард, 202 кредиттік серіктестік және 227 микроқаржы ұйымы агенттікте есептік тіркеуден өтті. Осы сәттен бастап барлық көрсетілген субъектілер пруденциялық нормативтерді, микрокредит беру туралы шарттарға қойылатын талаптарды, сыйақының шекті мөлшерлемелерінің шектеулерін сақтауға, қарыз алушылардың борыш жүктемесінің коэффициенттерін есептеуге, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі өзге де талаптарды сақтауға міндетті. Ал, азаматтарға қарыз беру қызметін агенттікте есептік тіркеусіз жалғастырған жағдайда, бұл субъектілер мәжбүрлеп таратылатын болады», – деді Мәдина Әбілқасымова.

***

Қазіргі уақытта елімізде коронавирустық инфекциядан 4 489 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 333 өскіншек бала бар. Стационарларда 2 420 науқас жатыр. 2 069 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Өткен тәулікте індеттен 5 адам қайтыс болды. Жалпы науқастардың арасында 150 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 15 науқастың жағдайы аса ауыр деп бағалануда. 22 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

***

Англияда коронавирусқа байланысты Ұлттық карантин енгізілді. Елде мейрамханалар, пабтар жабылады, адамдардың кездесулеріне тыйым салынады. Шектеу шаралары 5 қарашадан 2 желтоқсанға дейін жалғаспақ. Кей аумақтарда ТЖ еңгізілуі мүмкін. Ал, Австрия билігі коронавирусқа байланысты екінші локдаунды енгізеді. Қатаң шектеу шаралары ертеңнен бастап күшіне енеді. Барлық мәдени және спорттық іс-шаралар тоқтатылды. Тамақтану орындары жабылып, тек жеткізу қызметі ғана жұмыс істейтін болады.

***

Беларус шетелдіктерге шекарасын жапты. Ресми Минск бұл шараны пандемияға орай қабылдағанын жеткізді. Дегенмен, дипломатиялық паспорты бар және Беларуста тұруға рұқсаты бар азаматтар елге еш кедергісіз кіре алады. Сонымен қатар, Ресей азаматтарының Беларусқа транзит үшін ғана кіруіне рұқсат берілді. Бұдан бөлек, Минск әуежайы арқылы ұшып өтетіндерге де рұқсат. Айта кетейік, бұған дейін Беларуста коронавирусқа байланысты карантиндік шектеу шаралары болған жоқ.

***

Алматыдағы демалыс орнында атыс болды. Байсерке ауылындағы демалыс орындарының біріндегі оқиға әлеуметтік желіде тарады. Алматы облысы ІІД-і аталған оқиғаның 31 қазан күні сағат 16.00 шамасында болғанын хабарлады. Полицияға демалушылардың біріне белгісіз адамдар қарулы шабуыл жасап, өміріне қауіп төндіргені туралы ақпарат түсті. Қазір осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ күдіктілерді ұстау бойынша кешенді жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Оқ тиіп жарақат алған екі адам Алматы қаласындағы №4 клиникалық ауруханасына жеткізілген. Жағдайлары орташа ауыр деп бағалануда.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 62