Іздеу

АҚШ телеарнасы Димаш Құдайбергеннің қазақ тіліндегі бейнебаянын көрсетеді

  • АҚШ телеарнасы Димаш Құдайбергеннің қазақ тіліндегі бейнебаянын көрсетеді.
  • Telegram мессенджері каналдарда пікір жазуға болатын функцияны іске қосты. 

Түркияда 9 жастағы қазақстандық бала қайтыс болды. Жеткіншекті Анталия провинциясындағы Алания ауданының Қарғыджақ ауылында көлік қағып кеткен. Оқиға орнына бірден жеткен медициналық бригада баланы мемлекеттік ауруханаға жеткізген. Алайда баланы аман алып қала алмаған. Куәгерлердің айтуынша, бала отбасымен келе жатып, жолдан өтіп үлгермеген. ҚР Сыртқы істер министрлігі оқыс оқиғаның болғанын растады. «Көз жұмған баланың ата-анасы консулдыққа хабарласқан жоқ. Біздің мәліметтер бойынша олар ұлын Түркия аумағына жерлеген», – деп хабарлады ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадрияров.

Алматыда мердігер мекеме басшылығына ренжіген жұмысшылар өздері төсеген асфальтті бүлдіріп тастаған. Еңбекақыларын ала алмаған олар осындай әрекетке баруға мәжбүр болыпты. Өкпесі қара қазандай болған жұмысшылардың қылығы әлеуметтік желіде тарап кеткен. Алайда, жауапты бөлімдегілер «олар жұмыстың сапасына жасалған ескертуден кейін осындай әрекетке барып отыр» дейді. Айтуларынша, еңбекақы ешқашан кешіктірілген емес, тек мердігер мекеме мен техникалық бақылау тарапынан асфальттің осы учаскедегі сапасына қатысты ескерту болған. Нәтижесінде мердігер атқарылған жұмыс үшін ақша төлеуден бас тартыпты. Мұны дұрыс түсінбеген жұмысшылар ашуға ерік беріп, асфальті қопарып тастаған.

АҚШ телеарнасы MTV USA Димаш Құдайбергеннің қазақ тіліндегі бейнебаянын көрсетеді. Осылайша, Димаш – MTV-да өз тілінде ән шырқаған тұңғыш қазақстандық әнші атанғалы отыр. Бұл ретте, бейнебаянды MTV USA арнасының ресми YouTube желісі арқылы АҚШ-тан өзге кез келген ел тамашалай алады. «Менің тыңдармандарыма, әлемнің әр түпкіріндегі өнерімді бағалайтын жанкүйерлеріме шын жүрегіммен алғыс айтамын. Олар менің бала арманымның орындалуына себепкер болды. Қазақстан ғана емес, төрткүл дүниедегі Dear-ларымның қолдауына разымын. Құрметім мен алғысым шексіз», деп лебізін білдірді әнші. Бейнебаян бүгін Нью-Йорк уақытымен 17:00 мен 20:00 аралығында, ал Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі 03:00 мен таңғы 06:00 аралығында жүктелетіні белгілі болып отыр. Бұл – Америкада жұма күнгі прайм-тайм уақыт. Дәл осы уақытта MTV арнасын ең көп көрермен қарайды.

Telegram мессенджері каналдарда пікір жазуға болатын функцияны іске қосты. Бұл туралы мессенджердің негізін қалаушы Павел Дуров өзінің Telegram каналында жазды. «Бүгін біз каналдарға пікір жазу функциясын қосамыз. Telegram жаңартылғаннан кейін сіз кейбір каналда пікір қалдыра аласыз», – делінген хабарламада. Дуров пікір жазу топтық чат сияқты болатынын атап өтті. Яғни барлық пікір белгілі бір каналға қосылады. Сондай-ақ, ол пікір жазушылар дауыс хабарламасын немесе GIF-терді қалдыра алатынын, ал канал әкімшілері тиісті шектеулерді енгізе алатынын айтты.

Жүргізуші: Әбдірәлі Бөлебай.

Осы подкасттан көбірек

№ 9