Іздеу

Алматыда театрлардың жұмысына рұқсат берілді

 

Алматыда театрлардың жұмысына рұқсат берілді. Бұл туралы Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында айтылған. «Мәдени нысандарда әлеуметтік арақашықтықты сақтау керек. Сондай-ақ, санитарлық-дезинфекциялық режим, желдету және ауаны баптау жүйелері үздіксіз жұмыс істеп тұруы тиіс. Сондай-ақ, бүгіннен бастап күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, діни объектілердің қызметіне рұқсат берілді.

***

2021 жылдан бастап Қазақстандағы жоғары оқу орындары өз үлгісіндегі дипломдар беріп, сапа жауапкершілігін көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты. «Қазіргі уақытта Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде 128 ЖОО бар, оның 56-сы мемлекеттік, 72-сі – жекеменшік. 2018 жылы ЖОО-ның академиялық дербестігін кеңейтетін заң қабылданды. Осы Заң арқылы ЖОО-ларға өздерінің білім беру бағдарламаларын құруға, оқытушыларға қойылатын біліктілік талаптарын анықтауға мүмкіндік берілді», – деп атап өтті вице-министр.

***

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауында мүгедек жандар үшін аумақтық сайлау комиссияларына бірқатар ұсыным әзірледі. Атап айтқанда, пандустар, шақыру кнопкаларын, тактильді плиткалар, көрсеткіштер, мониторы бар компьютерлер, қосымша жарықтандыру, трафареттер және тағы басқаларын орнату туралы. Бұдан басқа, онлайн-сурдоаударма немесе ымдау тілі мамандарының кезекшілігі ұсынылады. Сонымен қатар, сайлау учаскелері ғимараттың бірінші қабатынан жоғары орналасқан жағдайда мүгедектігі бар адамның арбасына арналған арнайы лифт болуы керек. Сайлау күні сайлау учаскелеріне тасымалдау үшін инватакси жұмыс істейді деп жоспарлануда, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

***

Түркістан облысы аумағындағы облыстық маңызы бар «Шымкент-Көксәйек-Қасқасу-Шымкент» автомобиль жолы бойындағы «Сайрам су» өзеніндегі көпірге биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстары кезінде, апатты жағдайдағы көпір толығымен қайта құрастырылды. Сонымен қатар, Ордабасы ауданындағы облыстық маңызы бар «Өзбекстан Республикасы шекарасы-Шардара-Арыс-Темірлан» автомобиль жолы бойындағы «Бадам» өзеніндегі көпір де жөнделді.

***

Ересектер арасында онлайн өткен чемпионатта елордалық ерлер құрамасы «Асық атудан» бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әділхан Жұмағұлов, Мырзамұрат Қайыпбеков, Нұрқанат Молжігітов бастаған ерлер құрамасы өздерінің чемпиондық атағын төртінші рет сақтап қалды. Екінші орынды Түркістан облысы иеленсе, үшінші орынға Ақмола облысы қол жеткізген. Ал елордалық қыздар командасы «Бес асық» бойынша 2-ші орынды иеленді. Олар Қостанай облысының спортшыларына есе жіберіп, СҚО спортшыларынан басым түсті.

Қазақ радиоларының таңдаулы подкасттарын podcast.qazradio.fm сайтынан таба аласыз.

Осы подкасттан көбірек

№ 89