Іздеу

100 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасыға 50 мың теңгеден беріледі

«Birgemiz» қоры тағы 100 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасыға 50 мың теңге көлемінде қосымша көмек береді. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Бауыржан Байбекпен кездесуінде айтты. Жүздесуде жуырда өткен праймериздің нәтижелері талқыланды. Партия Төрағасы бірінші орынбасарының ақпаратына сәйкес, партия мүшелерінің 84,2 пайызы дауыс беруге қатысты. Оның 88 пайызы онлайн режимінде дауыс берді. Тіркелген 10073 кандидаттың 36 пайыздан астамы әйелдер, ал 29 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Ішкі партиялық іріктеу нәтижесінде 20 мыңнан астам ұсыныс жиналды.Тұңғыш Президент праймериз сабақтастықты сақтай отырып, партия қатарын жаңартуға мүмкіндік берген нағыз әлеуметтік лифтке айналғанын атап өтті. «Біз қабылдаған бағдарламалар міндетті түрде орындалуы керек», – деді Елбасы. Кездесу барысында Н.Назарбаев партияға «Birgemiz» қорымен бірлесіп, бүкіл ел бойынша тағы 100 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасыға 50 мың теңге көлемінде қосымша төлем беруді тапсырды.


***

Елімізде коронавирустан көз жұмған 182 медицина қызметкерінің туыстары ақшалай өтемақы алды. Осылайша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаза тапқан барлық дәрігерлердің туыстарына 10 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлемді аударды. Бұдан басқа, 5 334 медицина өкіліне коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтыруына байланысты біржолғы әлеуметтік төлем берілді. Өңірлер бойынша бұл төлемдердің ең көбі Нұр-Сұлтан (1027) және Алматы (560) қалалары және Шығыс Қазақстан (480), Атырау (465) және Қарағанды (409) облыстары бойынша жүргізілді.


***

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада шектеу шаралары қандай жағдайда күшейтілетінін айтты. Шахар басшысы коронавирустың ықтимал жаңа толқынына жол бермес үшін кәсіпкерлерге қатысты қатаңдату шаралары қабылдануы мүмкін екендігін жеткізді. Сонымен қатар, әкім бүгінде қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен енгізілген шаралар өз күшінде қалып, өзгермейтіндігін атап өтті. «Егер клиникаларға 250-ден астам науқас жатса, бірден шектеу шаралары қабылданады. Індеттің бүкіл қалаға таралмауын қадағалауымыз қажет,-деген Бақытжан Сағынтаев алматылықтар да вирустың алдын алуға өз көмектерін тигізуі керектігін айтты.


***

Елорданың кейбір газ құю стансаларында көгілдір отын тапшылығына байланысты шектеу енгізілді. Қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласына «СНПС-АқтөбеМұнайГаз» АҚ зауытынан 1 947 тонна сұйытылған газ жеткізілген жоқ. Осыған орай, қалада газ тапшылығы байқалады. Әлеуметтік қажеттілік үшін оның тапшылығына жол бермеу мақсатында автомобильге газ құятын стансаларда шектеу енгізілді», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінен. Қала әкімшілігі автомобильдер сұйытылған газдың орнынан бензин қолдана алатындығын атап өтеді. «Бұл мәселеге орай газды реттеу саласындағы өкілетті орган ҚР Энергетика министрлігіне көмек қажеттігі туралы ресми хат жолданған. Бүгінде негізгі сату нүктелерінің бірқатарында шектеулер алынды. Ал, мәселе толығымен 15 қазанда шешімін табады», -деді әкімдіктен.

Осы подкасттан көбірек

№ 11