Іздеу

Министрлік Қазақ көлік және коммуникация академиясын лицензиясынан айырды

Сурет turkystan.kz сайтынан алынды.
  • Министрлік Қазақ көлік және коммуникация академиясын лицензиясынан айырды.
  • Егін жинау жұмыстары 99,5 пайызға аяқталды.
  • Қазақстан 16 халықаралық рейсті қысқартады.
  • Еліміз жыл сайын 36 елге балық өнімдерін экспорттайды.

«Фармацевтика өнеркәсібі – экономиканың өте маңызды секторы және халықтың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің негізі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты. Оның төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында фармацевтика өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспары қаралды. Белгілі болғандай, осы 8 айдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 81,5 млрд теңгеге дейін өскен.

Отандық фармацевтика саласында қазір 96 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 33 дәрілік заттар, 41 медициналық бұйымдар және 22 медициналық техника өндіреді. Бұл туралы үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.

Елімізде 20 млн тонна астық бастырылды. Егін жинау жұмыстары 99,5 пайызға аяқталды. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті.

Қазан айының ортасына дейін Қазақстан 16 халықаралық рейсті қысқартады. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов айтып берді. «Әуе рейстерін қысқарту мәселесі талқыланып жатыр. Қазір курорттық маусым аяқталып келеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен курорттық қалаларға ұшатын рейстер бойынша қысқарту кестесі әзірленді», – деді Қиясов. Айта кетейік, ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен өткен түннен бастап әуежайлар халықаралық рейс жолаушыларын жаңа ережеге сәйкес қабылдай бастады. Жолаушыларға сауалнама, термометрия және ПТР анықтама міндеттеледі.

Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиясынан айырды. Шешім 10 жұмыс күні өткеннен кейін заңды күшіне енеді, кейін жоғары оқу орны білім беру саласындағы қызметін тоқтатуға мәжбүр болады. «Жыл бойы Академияда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, білім беру саласындағы өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, оқу процесі профессорлық-оқытушылық құраммен, өндірістік практика базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына толық сәйкес келмеді. Бұл түлектердің жұмысқа орналасуына да әсер етті. Айта кетейік, осы оқу орнының білім алушылары Алматыдағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып, ауыса алады, сондай-ақ ақылы негізде оқығандар үшін де оқу құны артпайды.

Республикалық маңызы бар автожолдардың қауіпсіздігі мен жайылып жүрген малдың жолға шығып кетпеуі үшін арнайы шаралар қолға алынды. Мәселен, тасжолдардың бойына жануарларды үркітетін ультрадыбыстық құрылғылар мен «электрлі бақташы» қоршаулары орнатылды. Бұл жұмыстар ең алдымен, Маңғыстау облысында басталған. Онда «Қазақавтодор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы арнайы қоршаулар орнатқан. Кернеуі 12 вольт болатын 3000 метрлік «электрлі бақташы» «Доссор – Кұлсары – Бейнеу – Сай – Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау т.п. » автожолының бойына қойылған. Елімізде малдың жолға шығып кетуінен болатын көлік апаттары жиілеп кетті. Мысалы, тек биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 16 жол көлік оқиғасы тіркелген. Заманауи қоршаулар еліміздің өзге өңірлерінде де орнатылады.

Осы подкасттан көбірек

№ 10